Қазақстан мен Чехияға бірлескен кәсіпорындар ашуға болады - Н.Назарбаев

Бұл туралы бүгін Қазақстан-Чехия бизнес-форумында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
"Бүгін біз индустрияландырудың екінші бесжылдығын анықтау кезінде жалпы құны 30 млрд. долларды құрайтын жобалар жиынтығын белгіледік. Бірінші бесжылдықта бұрын Қазақстанда болмаған 700 кәсіпорын салдық. 70 мың жұмыс орнын құрдық. Екінші бесжылдық тапсырмасы - 250 мың жұмыс орнын құрып, елімізде бұрын болмаған жаңа кәсіпорындар ашу. Сондықтан бүгін чех компанияларын біздің бағдарламаға белсене қатысуға шақыру үшін үлкен мүмкіндік туып отыр. Сіздердің елдеріңізде машина жасау саласы жақсы дамып жатқаны белгілі. Осындай даму бізге де қажет. Осы орайда Кеден одағының үлкен әлеуетін ескере отырып, бірлескен кәсіпорындар ашу мүмкіндігін қарастыруға болады. Қазақстанда қызмет ететін чех компаниялары енді Кеден одағы шеңберінде Ресей мен Беларусь нарығына еркін шыға алатын болады", - деп атап өтті Мемлекет басшысы. Бизнес-форумда ҚР Президенті чех компанияларына еліміздің экономикасының қандай салаларына инвестиция жасауға болатынын айтты.
"Біздің мемлекеттеріміз бен кәсіпкерлеріміз бірге жұмыс жасайтын қандай салалар бар деген мәселеге келер болсақ, 2015 жылдан бастап біз еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығын бастаймыз. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан минералды ресурстарға бай. Біз мұнай мен газ қоры бойынша әлемдегі он мемлекеттің ішіне кіреміз. Уранды өндіру және сату көрсеткіші бойынша әлемде алғашқы орындардамыз. Мыс (жылына 400 млн. тонна), мырыш, күміс, алтын сияқты бағалы металдарды да өте үлкен көлемде өндіреміз. Бізде фосфорлық тыңайтқыштардың 6 млрд. тонналық қоры бар. Осылардың барлығы біздің жер қойнауымыздағы байлықтар. Бізге оларды әлі де игеру қажет", - дей келе ол кәсіпкерлер назарын Қазақстанның жаңа экономикалық саясатына аударды.
"Дегенмен біз осындай байлыққа ие болып отырсақ та, жаңа экономика құрғымыз келеді. Сондықтан менің Жарлығым бойынша біз шикізаттан тапқан барлық табысымызды Ұлттық даму қорына жинап отырдық. Қазір онда 100 млрд. АҚШ долларынан астам қаражат бар. Осы қаражат негізінде біз жаңа индустрия құрып, Қазақстанның болашақтағы инфрақұрылымын жасағымыз келеді. Міне, осы жұмыс барысында барлық екпін өңдеу өнеркәсібіне, металлургияға, химияға, мұнай химиясына, машина жасауға, құрылыс индустриясына және азық-түлік өнеркәсібіне жасалады", - деді Мемлкет басшысы.