Қазақстан мен Еуропалық инвестициялық қордың арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды - Люксембург
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық инвестициялық қордың арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Еуропалық инвестициялық қор - Еуроодақтың трансеуропалық көлік, телекоммуникациялық және энергетикалық желілердің дамуына инвестиция салушы қаржылық мекемелерге кепілдік беретін тәуекел капиталдары тетіктерін тең қаржыландырушы, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдаушы маңызды қаржылық институттарының бірі болып табылады.
Еуропада 320-дан астам қор жұмыс істейді, солардың ішінде Еуропалық инвестициялық қор Еуроодақ елдерінде жетекші роль атқарады, оның ішінде Ұлыбритания, Испания, Германияда аймақтық қорлармен белсенді жұмыс істейді. Еуропалық қордың сонымен бірге Еуроодаққа кірмейтін елдермен де, оның ішінде Македония, Мысыр, Түркия, т.б. елдермен де жұмыс тәжірибесі бар.
Е.Өтембаев өз сөзінде, Еуропалық инвестициялық қордың Орталықазиялық аймақпен, оның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытудың келешегіне тоқталып өтті. Дипломат Қазақстанның қаржылық және банктер жүйесі туралы, елдің қор нарығындағы жағдай туралы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының, Ұлттық қордың, сондай-ақ Ресеймен бірлесіп құрылған венчурлық қорлардың жұмыстары мен мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді.
Қазақстан дипломатының айтуынша, еуропалық қор мен Қазақстанның арасында инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу жолымен Қазақстанның аумағында да, еуроаумақта да шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуеті мол.
Еуропалық инвестициялық қордың президенті өз кезегінде Қазақстан экономикасының жекеменшік секторын тартудың маңыздылығына тоқтала отырып, екіжақты іс-қимыл бағыттарының белгілі бір спектрлерін анықтауға және оны зерделеуге мүдделілік білдірді.
Елші Е.Өтембаев, қордың жаңа мүмкіндіктері ескерілген Еуропалық инвестициялық банкпен стратегиялық серіктестіктің Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы жаңа инвестициялық ынтымақтастыққа тұғыр болатынын, сондай-ақ Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиясы мен Еуроодақтың 2020 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру аясындағы жаңа перпективалық бағыттар бойынша өзара іс-қимылдарға кеңістік ашатынын атап көрсетті.