Қазақстан мен Финляндия президенттері кездесуінде халықаралық, өңірлік қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуал талқыланды

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Финляндия президенттері кездесуінде халықаралық, өңірлік қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуал талқыланды. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге бірінші мемлекеттік сапармен келген Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен кеңейтілген құрамдағы кездесуден кейінгі бірлескен баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
None
None

«Біз халықаралық, өңірлік қауіпсіздік мәселелерін, Ауғанстан мен Таяу Шығыс мәселелерін талқыладық. Кедендік одақ аясында посткеңестік кеңістегі интеграциялық үдерістердің дамуына ерекше назар аударылып, Қазақстан мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының болашағы талқыланды»,- деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Елбасы Финляндияға «Қазақстан-Еуропалық Одақ» ынтымақтастық әріптестігін кеңейту бойынша жаңа келісімге қол қою келіссөздеріне қолдау білдіргені және еліміздің «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу кандидатурасын қолдап дауыс бергені үшін ризашылық танытатындығын атап өтті.

«Біздің Еуропалық Одақпен келісіміміз даму мен ынтымақтастықтың жаңа көкжиегіне бағытталған», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, сенімге толы әрі терең мағыналы бүгінгі кездесулер Қазақстан мен Финляндияның саяси, сауда-экономикалық және халықаралық ынтымақтастықтарын барынша тереңдетуге негіз қалайды.

Соңғы жаңалықтар