Қазақстан мен Германия денсаулық сақтау саласында ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі

АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі С.З.Қайырбекова Бавария және Тюрингиядегі Қазақстанның Құрметті консулы Райнхольд Крэммелмен кездесіп, денсаулық сақтау саласындағы екі жақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
None
None

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында министр Салидат Қайырбекова «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберіндегі еліміздің денсаулық сақтау саласының негізгі бағыттары туралы әңгімелеп, аталған салада ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде медициналық нысандар салу құрылысына неміс әріптестерді тарту сияқты ұсыныстарын жеткізді. Жүрек-қан тамырлары, онкологиялық және өзге де ауруларды емдеуде озық технологияларды енгізу мақсатында екі елдің ғылыми медициналық ұйымдары арасында байланыстарды нығайту керек. Қазақстанда дәрігер мамандарды даярлау және қайта даярлауға үлкен назар аударылып отыр. Германияның медицина саласындағы даму деңгейін ескере отырып, отандық әріптестерді ол елге оқуға жіберу және германдық мамандарды шеберлік-сыныптарын өткізу үшін Қазақстанға шақыру қарастырылуда.  

Қазіргі уақытта ҚР ДСМ Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институты мен Мюнхен техникалық университетінің медициналық факультеті арасында бірлескен ғылыми зерттеулер және білім бағдарламаларын ұйымдастыру бойынша серіктестік жалғасуда. Медициналық мамандарды даярлаудың озық технологияларын ықпалдастыру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және білім стандарттарын жетілдіру мақсатында институт базасында Мюнхен техникалық университеті Медициналық факультетімен ынтымақтастық орталығы құрылды.       

Сондай-ақ, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру саласындағы Германияның тәжірибесін зерттеу жайы талқыланды. 

Оған қоса, фармация саласында үлкен перспективалар бар. Қазіргі уақытта Қазақстанның фармацевтикалық нарығында Германия өндірушілерінің 700-ден астам дәрілік құралдары және мыңға тарта медициналық мақсаттағы бұйымдары мен медициналық техникалары тіркелген.

Бавария және Тюрингиядегі Қазақстанның Құрметті консулы Райнхольд Крэммел өз кезегінде Германияның Қазақстанмен денсаулық сақтау саласында ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдіріп, ҚР Денсаулық сақтау министріне Германия үкіметінің келесі жылдың басында өз елінде жұмыс сапарымен келіп қайтуға шақыруын жеткізді.     

 

                  

Соңғы жаңалықтар