Қазақстан мен Италия өңіраралық қарым-қатынасты нығайтуда

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстан мен Италия аймақтарының ынтымақтастығын одан әрі нығайту мақсатында Қазақстанның Италиядағы Елшісі А.Елемесов жұмыс сапарымен Триест қаласында (Фриулия-Венеция-Джулия аймағы) және Тренто (Трентино-Альто-Адидже автономды аймағы) қалаларында болып қайтты.
None
None

Бұл туралы СІМ-нің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Триест қаласына сапар барысында Қазақстан Елшісі қала мэрі Роберто Козолинимен келіссөз өткізді. Қала басшысы қазақстандық тараптан сауда-экономикалық ынтымақтастық, туризм, мәдениет пен өнер саласын қоса алғанда, түрлі секторлардағы өзара байланысқа қызығушылық танытты. «ЭКСПО-2017»-ні Астанада өткізуге әзірлік шеңберінде ашылып жатқан перспективті инвестициялық мүмкіндіктерге де ерекше назар аударылды. Қазақстан Елшісі Триесттің іскерлік топ өкілдерін алдағы маңызды халықаралық шараға қатысуда белсенділік танытуға шақырды.

Сондай-ақ, А.Елемесов қысқа метражды фильмдер фестивалі шеңберінде Триест қаласында ұйымдастырылған «Қазақстан - балалық шағымның аспаны» атты Қазақ киносының күндеріне қатысты. Фестиваль қонақтарына «Шал», «Виртуалды махаббат», «Қоңыр» және «Теңіз қасқыры» фильмдері көрсетілді. Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі еуропалық көрермендерге терең әсер қалдырды.

Шараға қатысушылар мен фестиваль қонақтары үшін сондай-ақ Қазақстан Республикасына арналған фотобайқау ұйымдастырылды. Елшілік италиян тілінде шығарған Қазақстан туралы кітаптың тұсауы кесілді, біздің елдегі инвестициялық климат туралы ақпараттық материалдар таратылды.

Қазақстан Елшісі Трентино-Альто-Адидже автономды аймағына барған сапары барысында Батыс пен Шығыс арасындағы қатынастың даму тарихына арналған ғылыми-тәжірибелік семинарға қатысты.

Қазақстандық дипломат өз сөзінде Тренто қаласы әкімшілігінің басшылығын, аймақтың экономикалық және мәдени-іскерлік элитасы өкілдерін Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауымен, қазақстандық-итальяндық қатынастарды дамыту перспективасымен, елдегі ағымдағы саяси және экономикалық жағдаймен және Қазақстан Республикасының ішкісаяси және сыртқысаяси бастамаларымен таныстырды.

Жалпы алғанда, болып өткен кездесулер италияндық тараптың Қазақстанмен ынтымақтастықтың алға басуына қызығушылығын айқындап берді, сондай-ақ әртүрлі салада екі жақты қазақстандық-италияндық қатынастың әрі қарай сатылап дамуы үшін перспективті «өсу нүктелерін» белгілеуге мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар