Қазақстан мен Канада экология, орман шаруашылығы және қайта өңдеу салаларындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетіне ие - Квебектегі кездесу

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Константин Жигалов канадалық Квебек провинциясы үкіметінің шақыруымен,
None
None

аталмыш провинцияның әкімшілік орталығы - Квебек-Ситиге, және аймақтағы ірі калалардың бірі Монреальға ресми сапармен барды. Бұл туралы Канададағы елшіліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Сапар барысында казақстандық Елші Квебек провинциясы Ұлттық жиналысының спикері Жак Шаньон, Халықаралық қатынастар, франкофония және сыртқы сауда министрі Жан Франсуа Лизи, екіжақты қарым-қатынастар министрінің орынбасары Жан-Стефан Бернардпен кездесті.

Квебек-Сити қаласында өткен келіссөздер барысында, тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқаратын канадалық провинциялармен, соның ішінде, Квебекпен түрлі бағыттағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына ерекше мән берді.

Сондай-ақ К.Жигалов Квебек провинциясының іскер топтарымен бірге «дөңгелек үстелге» қатысты. Өз сөзінде қазақстандық дипломат, еліміздегі жағымды инвестициялық ахуалға, Үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі бағдарламаны іске асырудың негізгі басымдықтарына, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы белгіленген міндеттерге ерекше назар аударды.

Канаданың провинциялары ішінде Квебек Қазақстанмен екі жақты сауда тауар айналымы көлемі бойынша бірінші орын алады.

Қазақстандық экспорттың 97 пайызы (2012 жылы - 3,08 млрд. доллар) осы провинцияның еншісінде. Сондай-ақ, Квебек Қазақстаннан жеткізілетін мұнай мен уранның ірі тұтынушысы болып табылады. Ал өз тарапынан ҚР-ға ауыл шаруашылығы өнімдерін, машина, құрал-жабдық, электроника бұйымдарын жібереді.

Квебектің бірқатар танымал компаниялары елімізде жұмыс істеуде. Олардың арасында «SNC-Lavalin» инжинирингтік компаниясы («Казцинк» АҚ-тың Өскемендегі күкірт қышқылы цехын жаңарту, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасына консалтингілік қызметтер және техникалық жәрдем көрсету), «Bombardier» (темір жол көлігі саласындағы жобалар, ұшақтар жеткізу), «Solmax International» (Шығыс-Қазақстан облысындағы Үлбі металлургиялық зауытында, Павлодар, Қарағанды жылу электр стансаларында және Өскемен мен Атырауда орналасқан кәсіпорындардың экологиялық жобаларын іске асыру), «Heenan Blaikie» тәрізді құқықтық-консалтингтік компаниялар бар.

Қазақстан мен Квебек арасында банк пен қаржы, экология мен орман шаруашылығы, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және т.б. салаларда ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар. Сонымен қатар, жыл сайын өтетін Монреаль конференциясы (Америкалық халықаралық экономикалық форум) мен Астаналық экономикалық форум аясында іскерлік байланыстардың тереңдеуіне жол ашылып отыр.

«Дөңгелек үстел» нәтижелері бойынша тараптар «Quebec International» және «Export Quebec» провинцияларды дамыту агенттіктері арқылы Қазақстан мен Квебек іскер топтары делегацияларын алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар