Қазақстан мен ҚХР арасындағы ынтымақтастық өзара сенім мен екі жақты мүддені қолдауға негізделген - Қ. Мәми
Бүгін ҚХР Халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Чэнь Чжилиді қабылдаған ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, ҚХР өкілі елімізге Қазақстан мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қатынастарының 20 жылдығына орай келген болатын.
«Біз Ху Цзиньтао мырзаның сізді арнайы өкіл ретінде тағайындағанына аса ризашылық білдіреміз. Осыған байланысты Сізді аса жоғары қонақ әрі әріптес ретінде қабылдаймыз. Қазақстан Республикасы мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 20 жыл толуы қарсаңындағы сіздің сапарыңыз халықтар арасындағы достастық пен сындарлды ынтымақтастықтың тағы бір дәлелі болып табылады», - деді Қайрат Мәми кездесу барысында.
Сонымен қатар, Сенат спикері өткен 20 жыл ішінде Қазақстан мен Қытайдың байланысы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіне жеткендігін атап өтті. «Бұған екі мемлекет Басшыларының қажырлы еңбегі мен жеке достық қарым-қатынастарының арқасында қол жеткізіліп отыр», - деді Қ. Мәми.
Әңгіме барысында Қазақстан мен Қытай әріптестігінің аса маңызды қырының бірі болып табылатын парламентаралық диалог туралы мәселелер де қозғалды.