Қазақстан мен Кипрдің сауда-өнеркәсіп палаталары арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан „Кипр: халықаралық іскерлік және қаржы орталығы. Кипр мен Қазақстан арасындағы ынтымақтасудың келешегі" деп аталатын бизнес-форумда айтылды.
„ҚР Қаржы министрлігінің деректеріне қарағанда 2009 жылы Қазақстан мен Кипр арасындағы сауда айналымының көлемі 2,5 миллион долларды құрады. Оны толықтай дерлік кипрлік дәрі-дәрмектер құрайды. Ал Қазақстанға салынған Кипр инвестициясы өткен жылы 822 миллион долларға жуық болды", дейді ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Ерлан Қожасбай. Оның айтуынша, форум аясында бүгін Қазақстан мен Кипрдің сауда-өнеркәсіп палаталары арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ол екі елдің арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті нығайтуға және инвестициялық жобалардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы Сауда-өнеркәсіп палаталарының басты мақсаты - ұлттық бизнестің қызығушылығын қорғап, оны шет мемлекеттерде кеңейту.