Қазақстан мен Қырғызстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті

АСТАНА. KAZINFORM –  Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу Астанада Қазақстан-Қырғызстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысын өткізді. 

Қазақстан мен Қырғызстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті
Фото: Мәжіліс

Онда тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және парламентаралық байланысты дамыту бойынша жоғары деңгейдегі келісімдерді жүзеге асыру барысын талқылады.

Жогорку Кенеш делегациясын қарсы алған Мәжіліс спикері қазақ пен қырғыз халықтарын ежелден ортақ тарихы, ұқсас тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті біріктіретінін атап өтті. Ал екі ел арасындағы достық пен тату көршілік қарым-қатынастың тамыры тереңде жатыр.

— Мемлекет басшыларымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Садыр Нургожоевич Жапаровтың салиқалы саясатының, өзара түсіністік пен достығының арқасында бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық өте қарқынды дамып келеді. Біздің көшбасшыларымыздың екіжақты кездесулерінің қарқындылығы парламентаралық байланыстардың жиілігіне де тікелей әсер етеді. Біздің ендігі мақсатымыз — осы екпінді сақтап, одан әрі нығайту, — деді Ерлан Қошанов.

Қазақстан мен Қырғызстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс спикері Президенттеріміз ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындап, оларды жүзеге асыру үшін нақты міндеттер жүктегенін баса айтты. Оның негізгілерінің бірі — 2030 жылға қарай екі ел арасындағы тауар айналымын 3 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу. Мәжіліс екі апта бұрын ратификациялаған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартта ынтымақтастықтың жаңа институционалдық негіздері айқын көрсетілген.

— Бұл ауқымды құжат парламентаралық байланысты нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Біздің парламенттерге жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуын қадағалау функциясы жүктелген. Осы ретте екі ел үкіметі белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Өз кезегінде біздің парламенттер оларды заңнамалық тұрғыдан қолдауды қамтамасыз етуде, — деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ ол қазақ-қырғыз қарым-қатынасының барлық саласын қамтитын 150-ден астам құжаттан тұратын берік шарттық-құқықтық базасы қалыптасқанын айтты. Олардың ішіндегі ең маңыздылары — Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері маңында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісім.

Өз кезегінде Нурланбек Тургунбек уулу екіжақты мәселелерді шешуде Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің рөлін ерекше атап өтті.

— Бүгінгі Парламентаралық кеңестің отырысы жай ғана жоспарлы кездесу емес. Бұл — екі жақын мемлекеттің арасындағы ашық әрі сындарлы диалогтың жалғасы. Осы тұрғыда парламенттік диалогтың орны ерекше. Парламенттер халықтың мүддесін қорғайды. Демек, парламентаралық ынтымақтастық арқылы біз өзара түсіністікті қолдап қана қоймай, оны тереңдете аламыз. Бірлескен іс-әрекеттер арқылы ортақ мүдделерді халықаралық алаңдарда қорғауға мүмкіндік жасаймыз, — деді Жогорку Кенеш төрағасы.

Қазақстан мен Қырғызстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті
Фото: Мәжіліс

Кеңес отырысы барысында депутаттар сауда-экономика және логистика салаларындағы әріптестікті нығайту мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы Индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылысын одан әрі жүзеге асыру, шекаралық бақылау-өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ Алматы-Ыстықкөл автожолын салу жобасы бар.

Сонымен қатар тараптар екіжақты форматта және Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы, ТүркПА және басқа да халықаралық парламенттік ұйымдар аясында ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан мен Қырғызстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті
Фото: Мәжіліс

Отырыста инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері, туризм, экология және климаттың өзгеруі салаларындағы жобалар да қарастырылды. Мәжіліс спикері Қырғызстанның мұздықтарды сақтау және халықаралық тау диалогын белсенді дамыту жөніндегі бастамаларын қолдайтынын айтып, Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмысты одан әрі жалғастыруға шақырды.

Сапар аясында парламенттер делегациялары Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрына барады. Қонақтардың назарына Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасы бойынша Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов қойған «Қызыл орамалды шынарым» драмасы ұсынылады.

Айта кетелік Қырғызстан Парламентінің төрағасы ҚР Президенті Телерадиокешенінде болды

Соңғы жаңалықтар