Қазақстан мен Қытай достық пейілді көрші елдерден стратегиялық әріптестерге айналды –Елші Ч.Ли

азанның 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен аптаның соңында Астанадағы «Бейжің Палас» сарайында Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжоу Ли Қытай Халық Республикасының құрылғанына 61 жыл толуына байланысты Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдеріне, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялардың басшыларына арнап қабылдау өткізді. Соның барысында Елші мырзаның «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
None
None

- Чжоу Ли мырза, сөз басында Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстың тарихына үңіліп кетсеңіз.

- Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстар 1992 жылғы қаңтардың 4-і күні орнады және сол жылы Алматыда Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ашылды. 2006 жылдың желтоқсан айында елшілік Алматыдан Қазақстанның жаңа елордасы - Астанаға көшірілді. Биыл міне, екі ал арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 18 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан мен Қытай достық пейілді көрші елдерден стратегиялық әріптестерге айналды. Біздің елдер осы жылдар ішінде Мемлекет басшылары деңгейінде өте тығыз қарым-қатынастарды жолға қойып келеді. Қателеспесем, Қазақстан Президенті, жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қытайда әртүрлі дәрежедегі сапарлармен 16 мәрте болды. Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Ху Цзинь Тао 2002 жылдан бастап Қазақстанға 6 рет ат басын бұрды. Қытайдың тарихында өзге шет мемлекеттермен бұндай қарым-қатынас бұрын-соңды болған емес, әсіресе осындай жоғары деңгейде. Біздердің мемлекеттеріміздің басшылары арасында тығыз іскерлік және достық байланыстар орнаған. Олардың әңгімесінің тақырыбы да алуан түрлі - екі жақты ынтымақтастықтың барлық салаларынан бастап, өңірлік және халықаралық деңгейдегі мәселелерді де қамтиды. Осының арқасында Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы қарқынды дамыды. Сонымен бірге, өзара саяси сенім нығаюда. Сауда-экономикалық, энергетикалық сондай-ақ, қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастық біздің елдерге пайдасын тигізіп келеді және тигізе беруі тиіс. Біз Қазақстанды ұлы мемлекет деп санаймыз және оған зор құрметпен қараймыз. Қазақстан халқы - еңбекқор, дана, әрі күшті. Өзара жетістіктер мен табыстарға қол жеткізу үшін біз Қазақстанмен екі жақты қарым-қатынасты келешекте де дамыта түсуге ниеттіміз.

- Қытай Халық Республикасында тұрып жатқан қазақ диаспорасы жайлы пікіріңізді білсек деп едік.

- Өздеріңізге белгілі, қазір ҚХР-дың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында Қытай азаматы болып табылатын ұлты қазақ 1 миллионнан астам адам тұрып жатыр. Олар онда талай жылдардан бері өзге ұлт өкілдерімен бейбітшілікте және татулықта өмір сүріп келеді. Қазақ диаспорасы Қытайдың экономикалық және мәдени дамуына сүбелі үлестерін қосуда. Біз Қытайдағы өзге ұлт өкілдерінің тең құқықтарын және артықшылықтарын қамтамасыз етуге қашан да үлкен маңыз береміз.

- ҚХР құрылғанының 61 жылдық мерейтойы Қазақстаннан басқа қанша елде аталып өтілуде?

- Біз мұндай мерейтойлық қабылдауларды дипломатиялық байланыстар орнатқан барлық мемлекеттерде ұйымдастырудамыз. Алайда, оның бәрін нақты бір күні өткізу міндетті емес. Әдетте олар қыркүйектің 29-ы және 30-ы күндері болады. Егер мен жаңылмасам, ҚХР-дың шет мемлекеттердегі елшіліктері мен консулдықтарының жалпы саны - 234. Біз барлық елдермен және халықтармен достық, ынтымақтастық және өзара түсіністікті дамытуға мүдделіміз. Әрине, ол елдердің ішінде біздің жақын көршіміз - Қазақстан маңызды орын алады.

- Тәжірибелі дипломат ретінде Қазақстанның сыртқы саясаттағы қызметіне қандай баға берер едіңіз?
- Иә, Қазақстанның халықаралық істер бойынша әлемдік аренадағы рөлі мен орны жыл өткен сайын үнемі артып келе жатқанын байқап отырмыз. Біріншіден, Қазақстан ағымдағы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Сонымен қатар, алдағы желтоқсан айының 1-2-сі күндері Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммиті өтетіні баршаға мәлім. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға, одан кейін ШЫҰ-ға және Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ету арқылы өзінің халықаралық аренадағы ұстанымын және беделін көтеріп жатқанына біз шын жүректен қуаныштымыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар