15:18, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстан мен Қытай экономиканың шикізаттық емес секторларындағы жобаларды қаржыландыру үшін тікелей инвестициялардың бірлескен қорын құрды
БЕЙЖІҢ. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің Қытайға жасаған сапарының аясында бүгін Бейжіңде жалпы капитал қоры 200 миллион АҚШ долларын құрайтын «CITIC-Kazyna Investment Fund» тікелей инвестициялардың қазақстан-қытай қорын құру туралы құрылтайшы құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
ҚазАқпарат тілшісінің хабарлауынша, құжатқа қазақстандық «Kazyna Capital Management» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы («Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниясы) Абай Алпамысов пен қытайлық «CITIC Capital Holdings Limited» компаниясының (CITIC Group-тың еншілес компаниясы) басқарушы директоры Ван Фанлу қол қойды. Қол қою рәсімінен кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін мәлімдеме жасаған А.Алпамысов, қорды құру жөніндегі жұмыс Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябаоның 2007 жылы тамыздың 17-18-інде Қазақстанға сапары барысында болған келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жүргізілгенін атап көрсетті. Ол, сондай-ақ қорды менеджерлердің бірлескен кәсіби командасы басқаратынын айтты. Қордың қызметі инфрақұрылымдық және экономиканың шикізаттық емес салаларындағы басқа да инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын және Қазақстанның және Қытайдың аумағында даму және өсу үшін айтулы әлеуетке ие компанияларды қаржыландыруға бағытталады. «Kazyna Capital Management» пен «CITIC Capital Holdings Limited» компанияларының арасында қол жеткізілген келісімге сәйкес, қор құрылғаннан кейін екі жылдан кешіктірмей әрқайсысының капитал қоры 400 миллион АҚШ долларын құрайтын қосымша тағы екі тікелей инвестициялар қорын ашу жоспарланып отыр. Ол қорларға Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияның ірі компаниялары инвестор болады деп пайымдалуда.