Қазақстан мен Қытайдың трансшекаралық өзендер бассейндерінде бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүруде - экология вице-министрі

АЛМАТЫ. 6 шілде. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда, су қатынасы саласындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық нық конструктивті негізде және жоспарлы түрде қалыптасып келеді.
None
None

Бұл туралы ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау бойынша Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының тең төрағасы Ерлан Нысанбаев кеше Алматы облысының Панфилов ауданындағы Қорғас өзенінде Қазақстан мен Қытай арасындағы «Достық» ортақ бірлескен су торабының ашылу рәсімінде айтты.

«Екі жыл бұрын біз осы нысанның алғаш кірпішін қалау рәсімін өткізсек, бүгін міне, құрылыс жұмыстарының аяқталу рәсімін жүзеге асырып отырмыз. Осы кезең аралығында жобаны жүзеге асыруға екі жақтың сарапшылары, мамандары, жобалаушылары мен құрылысшылары көп күш-жігер салып, аянбай еңбек етті. Бұл гидроторап мән-мазмұны жағынан өте ерекше болып табылады, оның жұмыс жобасы Қазақстан жағымен жасалса, құрылысын Қытай тарапы орындады», - деді Е.Нысанбаев.

Оның айтуынша, гидроторапты қаржыландыру екі жақпен тең негізде жүзеге асты. Бұдан ары гидроторапты басқару да бірлесе жүзеге асырылады, ол өз кезегінде Қорғас өзенінің су ресурстарын 50/50 пайыздық тең үлесте, тең құқылы негізде пайдалануға мүмкіндік береді.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан ынтымақтастықты ары қарай да ізгілік және өзара сенім негізінде жалғастыруға ниетті. Жыл сайын оның аясы кеңейіп, ортақ су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауға қатысты мәселелер көбірек қамтылуына сенім артылуда.

«Бүгінгі күні біз трансшекаралық өзендердің бассейндерінде бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл жұмыстардың нәтижесі негізінде су бөлу бойынша Үкіметаралық келісімдер жасалады. Ол, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді және тең құқылы пайдалануға мүмкіндік береді», - дейді Ерлан Нысанбаев.

Соңғы жаңалықтар