Қазақстан мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің үкіметтері арасындағы конвенция заң жобасы түрінде Мәжіліске келіп түсті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қаласында 2008 жылы маусымның 18-і күні Қазақстан мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің үкіметтері арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға қол қойылған.
Осы Конвенцияның мақсаты инвестициялар үшін оң жағдайлар жасау жолымен Қазақстан мен Люксембург арасында экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту болып талылады.
Конвенция осы немесе өзге уағдаласушы мемлекеттің резиденттері заңды және жеке тұлғаларының кірістеріне қосарланған салық салуды болдырмауды көздейді.
Конвенцияның 10-бабында дивидендтер, 11-бабында пайыздар және 12-бабында роялти төмендетілген ставкалар бойынша кірістің пайда болу көзі - мемлекетте салық салынуы мүмкін ережелер көзделген. Конвенцияның 5-бабына орай егер шетелдік заңды тұлға тұрақты мекеме құрмай тұрып кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса, Қазақстанда табыс салығын төлеуден босатылуы ықтимал. Ал Қазақстан Республикасының салық заңнамасында мұндай босату көзделмеген.
Мұндай Конвенцияның болуы салық қатынастарының қалыпты тұрақтылығына кепілдік береді, кірістерге қосарланған салық салудың алдын алады және сол арқылы қатар екі мемлекет арасында неғұрлым тығыз экономикалық байланыстарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Конвенцияның ережелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленгеннен басқа ережелерді көздейтіндіктен, осы халықаралық шартты ратификациялау қажет болып отыр.
Конвенцияны заңмен бекіту ел бюджетінен қаржы шығыстарын талап етпейді.
Аталған заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу міндеті Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жүктелетін болды. Ал заң жобасы Палатаның жалпы отырысында талқыға салынған кезде ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндама жасайтыны белгіленіп отыр.