Қазақстан мен Мажарстан қылмыспен күресте ынтымақтастығын арттыра түседі - Парламент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Шартқа 2015 жылдың 1 сәуірінде Астана қаласында қол қойылған.
None
None

Шарт ережелеріне сәйкес, тараптардың сұрау салулары негізінде құзыретті әділет органдарының юрисдикциясына жататын қылмыстарға қатысты қылмыстық іс жүргізулер бойынша бір-біріне өзара құқықтық көмектер көрсетуге міндеттеледі. Бұл ретте Қазақстан мен Мажарстан құқықтық көмектер аясында адамдардың немесе заттардың орналасқан жерін анықтауды және оларды сәйкестендіруді, қылмыстық іс жүргізуге қатысы бар құжаттар мен материалдарды табыс етуді қарастырады. Бұдан бөлек, мемлекеттердің құзыретті органдары өзара жауап алу мен айғақтар алуды, күзетпен ұсталатын адамдардың айғақтарын алу немесе басқа да процестік әрекеттерге қатысуы үшін оларды уақытша беруді, тінтуді жүзеге асыруды, дәлелдемелерді алып қоюды, активтерді тәркілеуді жүзеге асыра алады. Бұл ретте құқықтық көмектер сұрау салатын тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жазалануға жататын қылмыстар бойынша қозғалған істер бойынша беріледі. Тұтастай алғанда, шартты ратификациялау Қазақстан мен Мажарстанның қылмыспен күрестегі ынтымақтастығын арттыратын болады. Айта кетерлігі, Бас прокурордың орынбасары Жақып Асановтың айтуынша, дәл осындай шарттарды Қазақстан жиырмадан астам елмен жасаған. Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар