Қазақстан мен Молдова ақпараттану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев пен Молдова ақпараттық технологиялар және байланыс министрінің орынбасары Якоб Михаел бастаған молдовалық делегациямен кездесудің қорытындысында аталған келісімге қол қойылған. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде сандық спутниктің телевидениеге көшу саласындағы жетістіктер, Интернетке қол жетімділік, жылдамдығын арттыру және интерконнект тарифтерін төмендету жайттарын талқылады.
Құжатта электрондық үкімет құруда тәжірибе алмасу бағытында ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық, интеллектуалдық меншік құқықтарын бөлу, ақпараттық жүйелерді құру, дамыту және стандарттау мәселелеріне зор көңіл бөлінді.
«Келісім бірлескен жобаларды жүзеге асыру саласында екі елдің өзара тиімді әріптестігін дамыту және тереңдетуде, ақпараттық технологиялар аясында технологиялар мен қызмет нарығын дамытуда зор үлес қосуға мүмкіндік береді», - деді А.Жұмағалиев.