Қазақстан мен Нидерландының үкімет басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады (ФОТО)
«Екі елдің мүддесіне сай келетін көптеген мәселелер бойынша жемісті пікір алмасу болды. Атап айтқанда, біз экономикалық ынтымақтастық бағыттындағы қатынастарды талқыладық»,-деп тоқталды М. Рютте.
Премьер-Министр Қазақстан мен Нидерланды ауыл шаруашылығы мен энергетика бағыттарында табысты ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, Нидерланды делегациясының құрамында ірі компаниялардың өкілдері келді. Олар Қазақстанның компанияларымен қарым-қатынастарын тереңдетуге мүдделі.
«Біз сонымен қатар бүгінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан институционалдық реформаларды жүзеге асыруға қатысты талқыладық. Мұнымен қоса, Қазақстанда іске асырылып жатқан модернизация бағдарламасын толықтай қолдаймыз»,-деді М. Рютте.
Премьер-Министр екі елдің арасында жоғары деңгейдегі кездесулер бірнеше мәрте өткенін айта келе, «Осы орайда бұндай қадамдар біздің өзара байланыстарды тек нығайта түседі деп ойлаймын. Атап айтқанда, Нидерланды Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге қатысады, сондай-ақ осы шара өте табысты болатындығына сенімдімін»,-деді.
Сонымен қатар ол Қазақстанның Еуропалық Одақпен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға сапалы негіз болатындығын, сондай-ақ жаңа серпін беретіндігін атап өтті. Осы орайда М. Рютте Қазақстан Орталық Азияда ЕО-мен аталған келісімді даярлаған тұңғыш ел болып табылатындығын сөз етті.