18:30, 22 Қыркүйек 2011 | GMT +5
Қазақстан мен Норвегия энергоүнемдеу саласында әріптестік жасасты
АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Норвегия Корльдігінің Сыртқы істер министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Бүгін Астанада Норвегия делегациясымен кездескен ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, бұл келісім Қазақстан мен Норвегия арасында энергоүнемдеу саласындағы әріптестікті тереңдетуге бағытталған.
«Меморандум норвегиялық мамандармен бірлесіп, заңдар мен заң актілерін жасақтауға негіз береді. Қазір бізде «Энергоүнемдеу туралы» Заң парламент қабырғасында талқылануда және ол қабылданған жағдайда заң актілерін жасақтау міндеті туындайды. Ал бұл салада норвегиялық мамандардың үлкен тәжірибелері бар», - деді вице-министр.
Қ. Төлеушиннің атап өткеніндей, аталмыш екіжақты құжат энергоүнемдеу саласында Қазақстан-Норвегия бірлескен жобаларын іске асыруға да жол ашпақ.