Қазақстан мен Өзбекстан арасында стратегиялық әріптестік туралы шарт жасалды
Шарт талаптарына сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан өздерінің қарым-қатынастарын теңдік, өзара сенім, стратегиялық әріптестік негізінде қалыптастыратын болады. Аталған келісімге 2013 жылдың 14 маусымында Ташкент қаласында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Өзбекстанға сапары аясында қол қойылған болатын.
Құжатқа сәйкес тараптардың екеуінің де қауіпсіздік мүдделеріне немесе олардың бірінің қауіпсіздігі мүдделеріне теріс әсер тигізуге ықпал ететін ахуал туындаған жағдайда оны реттеу үшін ұстанымдарды келісу мен шараларды үйлестіру мақсатында консультациялар жүзеге асады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстан өзара әскери және әскери-техникалық салаларда, азаматтық қорғаныс саласында ынтымақтасады, сондай-ақ, ғылым мен техника, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет, туризм мен спорт саласындағы ынтымақтастықты көтермелейді.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстан Өзбекстанды Орталық Азиядағы маңызды саяси және экономикалық әріптес ретінде қарастырады және Өзбекстанмен көпжоспарлы қатынастарды дамыту еліміздің стратегиялық мүдделеріне сай келеді. Осыған орай, Парламент қабылдаған шарт Өзбекстанмен ынтымақтастыққа негіз қалаушы құжаттардың бірі болып табылады.
Тұтастай алғанда, шарт екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды, көліктік дәліздер құруды, су ресурстарын тиімді пайдалануды, әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін айқындайды.
Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.