Қазақстан мен Ресей арасында энергия жүйелерінің параллель жұмысын қамтамасыз ету шарттарының толық топтамасына қол қойылды
Аталған шара екі ел Мемлекет басшыларының тапсырмаларын орындау мақсатында әрі Қазақстан мен Ресей біртұтас энергия жүйелерінің параллель жұмысын қамтамасыз ету шаралары туралы үкіметаралық Келісіміне сәйкес жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылдың соңына таман «KEGOK» АҚ мен «ИНТЕР РАО ЕЭС» ААҚ Қазақстан мен РФ шекаралары арқылы өтетін электр қуатының мөлшерін сағаттық есепке алу тәртібі, күн сайынғы алмасымды ұйымдастыру мен сағаттық есепке алу мәліметтерін келісу туралы келісім жасаған болатын. Бүгінгі шарттар топтамасының арасында «KEGOK» АҚ мен «ФСК» ААҚ, «СО ЕЭС» ААҚ арасында Қазақстан мен РФ электр энергетикасы жүйелерінің параллель жұмысы туралы, «KEGOK» АҚ мен «ФСК» ААҚ арасында Қазақстан Республикасының электр желілері арқылы электр қуатын жеткізу (ауыстыру) қызметін көрсету, «KEGOK» АҚ мен «ИНТЕР РАО ЕЭС» ААҚ арасында РФ мен Қазақстанның шекаралары арқылы электр қуатын өткізу кезінде туындайтын сағаттық ауытқулар көлемінің орнын толтыру мақсатында электр энергиясын сатып алу және сату туралы келісімдер қамтылып отыр.
Энергия жүйелерінің бірлескен жұмысы бойынша жасалған келісімдер топтамасы инфрақұрылымдық сипатқа ие әрі Қазақстан тарапынан да Ресей тарапынан да электр энергиясы нарығына енудің құқықтық негізін жасайды. Қарым-қатынастардың теңдестірілген деңгейі ұзақ уақыт бойы жүргізілген келіссөздер мен тараптардың тең құқықтық және өзара тиімділік қағидаттар негізінде әзірленген құжаттар бойынша қамтамасыз етіліп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Ресей біртұтас электр жүйелері Қазақстанның біртұтас жүйелерімен 2000 жылдың маусымынан бастап параллель режимде жұмыс істеп келеді.