Қазақстан мен Ресей арнайы экономикалық аймақтарды бірлесіп дамытуға уағдаласты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Ресей арасындағы ерекше экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті
Фото: Ақорда

Мәскеуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен кездесудің аясында үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасу рәсімі өтті. Солардың ішінде — Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігі арасында арнайы және ерекше экономикалық аймақтарды дамыту саласындағы өзара іс-қимыл туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум бар. Құжат серіктестікті нығайтуға және экономикалық аймақтарды басқару, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа түрлерін енгізу саласындағы тәжірибе алмасуға бағытталған.

Меморандумға қол қою — Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрі Максим Решетников арасында өткен келіссөздердің нәтижесі.

Кездесу барысында тараптар өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен оны одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы құны 2 млрд АҚШ долларынан асатын 532 жоба іске асырылып жатқан 16 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Олардың қатарында ресейлік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан 12 жоба бар.

— Меморандум Қазақстан мен Ресейдің экономикалық аймақтарының басқарушы компаниялары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен жобаларды қолдауға, сондай-ақ салықтық, кедендік және инфрақұрылымдық реттеу саласындағы ақпарат пен озық тәжірибемен алмасуға бағытталған. Ерсайын Нағаспаев меморандумға қол қою өнеркәсіптік әріптестікті нығайтудағы маңызды қадам екенін және Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге ықпал ететін жаңа инвестициялық бастамаларға негіз болатынын атап өтті, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.

Бұдан бұрын Қазақстан мен Ресей «Союз-5» және «Бәйтерек» ұшу сынақтары бойынша комиссия құратыны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар