Қазақстан мен Ресей парламентшілері Кеден одағының іс жүзіндегі мәселелерін талқылады

Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Икрам Адырбеков, Ғани Қасымов, Қожахмет Баймақанов, сондай-ақ Ресей Федерациясының парламентшілері, Еуразия экономикалық комиссиясының, одаққа қатысушы елдердің кеден, шекара және көлік қызметі мен бизнес өкілдері қатысты.
ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков ықпалдастықты стратегиялық тұрғыда дамыту бағытының келешегі - Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыру екенін атап өтті.
"Қазіргі кезде Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық-келісімнің негізін біркелкілеу бойынша жұмыстар жүргізілуде және соның негізінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім жобасы әзірленуде. Келісімге 2014 жылғы 1 мамырда қол қою туралы жоғары деңгейдегі уағдаластыққа қол жетті. Ол құжат 2015 жылғы 1 қаңтарда күшіне енетін болады", - деді Икрам Адырбеков.
Сенатор сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақты Қазақстан өзара сенім мен тиімді ынтымақтастықтың жаңа ұстанымдары бойынша іске асырылатын экономикалық жоба ретінде қарастыратындығын, бұл бағыттағы жұмыстарда салмақты және ойластырылған қадамдар талап етілетіндігін атап өтті. Ықпалдастық органдарының қызметі барлық елдердің мүдделері ескеріле отырып, бітімгерлік негізінде жүзеге асуы тиіс.
Икрам Адырбеков: «Біздің еліміздің Мемлекет басшысы айтқандай, біз экономикалық тұрғыда Еуроодақ пен Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азия экономикасын біріктіретін көпір бола аламыз. Еуразиялық кеңістіктегі одан әрі ықпалдасу деңгейіне қарай экономиканың ұзақмерзімді орнықтылығын қамтамасыз ететін нақты экономикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру және аймақтағы ықпалдастық үдерістеріне ықпал ететін қаржы ықпалдастығының нақты тетіктерін жасау қажет», - деген пікірін білдірді.
Дөңгелек үстел барысында Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден саясатын ықпалдастыру, кеден бақылауы тетіктерін тиімді пайдалану, халықаралық өндірістік кооперацияларды нығайту, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұсынымдар әзірленді.