Қазақстан мен Ресей ынтымақтастық туралы 200-ден астам өңіраралық келісімдерге қол қойды
Өткен аптаның соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесі үшін РФ Псков облысының Невель ауданының басшысы Александр Ващенковқа мемлекеттік награданы тапсырды.
15 сәуірде Мәскеуде Қазақстан, Ресей және Беларусь үкімет басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімді даярлауға байланысты кездесуі өтті. 18 сәуірде Ресейдегі ҚР Елшісі Марат Тәжин Қазанға сапармен барып, Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен және Мемлекеттік кеңестің төрағасы Фарид Мухаметшинмен келіссөздер жүргізді.
Бүгінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы тауар айналымы жылына 1 млрд. доллар көлемінде бағаланып отыр.
Қазанда өткен екіжақты кездесу барысында Ресейдегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Татарстан президенті Рустам Миннихановке II дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.
Елші Р.Миннихановтың Қазақстан мен Татарстан арасындағы шекаралық ынтымақтастықты, экономикалық интеграцияны кеңейтуге, мәдени байланыстарды орнатуға ауқымды үлес қосқанын атап өтті.
«Бүгінде РФ-тің 76 субъектісі Қазақстанның барлық облыстарымен экономикалық байланыстарды орнатып отыр. Түрлі салаларда ынтамақтастық туралы 200-ден астам өңіраралық келісімдер іске асырылуда. Екі ел арасындағы ынтымақтастық экономиканың барлық салаларын қамтып отыр. Оның ішінде энергетика, машина құрылысы, көлік, байланыс және банк саласы басымдықты болып табылады»,-деп жазады tribuna.ru.
Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстарға жыл сайынғы Аймақаралық ынтымақтастық форумының тиімділігі жоғары. Былтыр 10-11 қараша күндері Екатеринборда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы мемлекет басшыларының қатысуымен Аймақаралық ынтымақтастықтың Х форумы өткен болатын. Ал XI Форум биыл Атырауда ұйымдастырылмақ. Бұл келіссөздердің үлкен алаңы инновациялық даму мәселелеріне арналады.