Қазақстан мен Ресейдің кедендік қызметі Кедендік одақ қалыптастыру аясында кезекті қадам жасауда

Биылғы жылғы қазанның 26-сынан бастап Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекараларындағы автомобилдерді өткізу бекеттерінің тізбесінде бірлескен кедендік бақылаудың элементтерін іс жүзінде жұмыс істету бойынша сынақ аясында Солтүстік Қазақстан облысының кедендік бақылау департаментіне тағы 2 кедендік бекет: «Қарақоға» кедендік бекеті мен «Қызылжар» кедендік бекеті қосылды. Бұдан былай Солтүстік Қазақстан облысымен шекаралас Ресей Федерациясының барлық үш - Қорған, Түмен және Омбы облыстарымен бірлескен кедендік бақылау элементтері жүзеге асырылуда.
Сынақтың мәні жолаушылардың кедендік декларацияларын шекаралас мемлекеттердің өзара тануы болып табылады. Бұдан былай Қазақстаннан, немесе Ресейден шығатын адам жолаушылардың кедендік декларациясын тек шығатын елде ғана толтырады және оны қарсы тарапқа тек шығатын кезінде ғана көрсетеді.
Тараптар сынақтың нәтижелері бойынша көлік құралдарын ресімдеу уақытының қысқарғанын, өткізу бекеттері жұмыс қабілеттерінің артқандығын атады.