16:49, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі бірлескен комиссиясының кезекті отырысы Қазақстанда өтеді
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі бірлескен комиссиясының кезекті он төртінші отырысы 2009 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда өтеді.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бүгін таратқан баспасөз баянында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 2009 жылғы мамырдың 18-і мен 24-і аралығында Атырауда Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі бірлескен комиссиясының он үшінші отырысы өткен. Отырыс шеңберінде, ағымдағы жылғы мамырдың 23-і күні Котяевка-Қараөзек шекаралық өткелінде Қазақстан Республикасының мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекарада бірінші шекаралық белгінің салтанатты ашылуы болған. «Тараптар мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеу жөніндегі келіссөздердің барысына және далалық демаркациялық жұмыстардың сәтті басталуына қанағаттанушылық білдірді», делінген СІМ-нің хабарламасында.