Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы сапалы негізде дамып келеді - сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің «Аналитика және стратегиялық коммуникациялар орталығының» директоры Александр Дроговоз Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Астана мен Мәскеу арасындағы ынтымақтастық эволюциясы, өндірістік кооперацияның бағыттары жайында айтып берді.
- Қазақстан Президенті «Российская газета» басылымындағы мақаласында Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларацияға қол қою мүмкіндігін жариялады. Бұл құжатқа қол қою елдер арасындағы қарым-қатынастың жаңа дәуірі болады деп айтуға бола ма?
- Бұл декларацияға қол қою қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңін белгілейтіні сөзсіз. Құжат тек саяси жақындықты ғана емес, сонымен бірге Ресей мен Қазақстанның еуразиялық кеңістіктегі ұзақ мерзімді мүдделерін келісуді де бекітеді. Декларация дипломатиялық құжат ретінде де, сондай-ақ екі елдегі бизнес арасында, сарапшыларда және қоғамда оңтайлы мүмкіндіктерді қалыптастыру құралы ретінде де ықпал етеді деп айтуға болады.
Бұл тұрғыда осы құжат бүгінде институционалдық әрі стратегиялық терең сипатқа жеткен отыз жылдан астам кезеңнің логикалық жалғасы екенін түсіну маңызды. Ең алдымен, өзара экономикалық интеграцияның қисынды жалғасын көріп отырмыз. Сонымен бірге, қарым-қатынас оңтайлы прагматизмге қарай дамыды, мұнда әрбір серіктес екінші тараптың ұлттық мүдделерін ескереді.
- Ресей Федерациясы еліміздің ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Ресей мен Қазақстан қай салаларда өнеркәсіптік кооперацияны тереңдете алады?
- Менің ойымша, ең перспективалы бағыттардың қатарында энергетика саласын, мұнай-газ химиясын, машина жасау, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ көлік құралы мен компоненттерді бірлесіп өндіруді қамтуға болады. Жаһандық технологиялық өзгерістер жағдайында цифрлық индустрия мен сирек кездесетін металдарды қайта өңдеу ерекше маңызға ие.
Инвесторларды тарту үшін бюрократиялық кедергілерді азайту, салық және кеден режимдерін синхрондау, инвестицияларды екі жақты негізде қорғау үшін кепілдіктерді енгізу маңызды. Біз шекарадағы іркілісті жиі байқаймыз және саяси басшылық үшін бұл оңай мәселе емес екенін түсінеміз. Осыған байланысты көлік-логистикалық бағдарлардың жеткізілімдері мен қауіпсіздігіне бизнестің сенімді болуы үшін осы мәселелерді ескеру қажет.
- Екіжақты экономикалық қатынастар эволюцияға ұшырады деп айтуға бола ма? Қазақстанның энергетика секторында ресейлік бизнестің белсенді қатысуын ескерсек, бұдан басқа неғұрлым серпінді дамып келе жатқан тағы қандай бағыттарды атап өтер едіңіз?
- Шынында да эволюцияның бар екенін айтуға болады. Өзара іс-қимыл моделі біртіндеп шикізатқа тәуелділіктен бірлескен өнеркәсіптік-технологиялық дамуға ойысып келеді. Біз әртараптандырудың айқын белгілерін көріп отырмыз, яғни агроөнеркәсіптік кешеннің, фармацевтиканың, сауда мен логистикаға арналған цифрлық шешімдердің дамуы жеделдеп жүріп жатыр. Ресейлік компаниялар енді экспорттап қана қоймай, Қазақстан ішінде өнеркәсіп құрып жатыр. Бұл өз кезегінде екіжақты қатынастардың сапалы эволюциясы. Еуразиялық экономикалық комиссия да өзін экономикалық жағынан жақсы көрсетіп отыр.
- Қазақстан мен Ресейдің көлік саласындағы байланысы Еуразиядағы негізгі элемент саналады. Елдер осы саладағы ынтымақтастықты белсенді дамытып жатыр. ШЫҰ саммитінде айтылған жобалардың бірі – «ТрансАлтай диалогы» бастамасы. Осы көлік дәлізінің маңыздылығын және оның өңір үшін әлеуетін қалай бағалайсыз?
- Географияның өзі көлік-логистикалық бағдарларды пайдалану қажеттілігін қамтамасыз етеді. Қазақстан басшылығының осы факторды тиімді пайдалану бойынша жан-жақты пысықталған саясатты қалай жүргізіп жатқаны айқын көрініп тұр. «ТрансАлтай диалогы» стратегиялық маңызға ие. Шын мәнінде, бастама Еуразияның көлік байланысының жаңа қаңқасын қалыптастыра отырып, батыс-еуразиялық және азиялық маршруттарды байланыстырады. Бұл ретте қолданыстағы көлік желісін дамыта отырып, оның мүмкіндіктері оңтайландырылады.
Қазақстан үшін бұл транзиттік тораптың мәртебесін нығайтады, ал Ресей үшін Қытай мен Оңтүстік Азия нарықтарына шығудың қосымша арналарын құрады. Бұл дәліз тек логистикалық қана емес, сонымен қатар индустриялық хабтар, қайта өңдеу аймақтары және бірлескен технопарктер дамитын технологиялық көпір бола алады. Осы бастаманы іске асыру Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірлерінің дамуыа тың серпін береді.
- Сарапшылар өзара сауда көлемін ұлғайтумен қатар, оның сапасын арттыру маңызды екенін атап өтті. Бұл үшін не қажет?
- Сауда сапасындағы негізгі мәселе – ол қарапайым тауар алмасудан жоғары қосылған құны бар өнімді бірлесіп жасауға көшу. Ол үшін елдер ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейтіп, жалпы маркетингтік және тарату желілерін құрып, тауарлардың стандарттары мен сертификаттарын үйлестіруі керек. Екі елдің экономикалық реттеушілері бизнес үшін бірыңғай сенім кеңістігін құра отырып, ЕАЭО аясында уағдаласа әрекет етуі маңызды. Осы ретте ЕЭК-тің маңыздылығын атап өту қажет.
- Бүгінде «сатып алушы-жеткізуші» моделінің орнына «өндіріс бойынша серіктестер» деген жаңа тізбек қалыптасып жатқаны жиі айтылып жатыр. Бұл Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының нақты жай-күйін қаншалықты көрсетеді?
- Бұл тұрғыда екі елдің прагматизмі мен өзара мүддесі жайында айтқым келеді. Ресей мен Қазақстан арасында тұрақты өндірістік кооперация қалыптасып келеді. Мысалы, автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және энергетикалық машина жасау салаларына мән берілген. Кәсіпорындардың көбісі бөлшектерді экспорттап қана қоймай, бірлескен өндірістер құрып, бүкіл өндірістік цикл үшін жауапкершілікті бөліп отыр.
- Ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған. Өйткені білікті мамандарсыз жоғары технологиялық жобаларды іске асыру мүмкін емес. Осы орайда бірлескен білім беру жобаларының рөлін қалай бағалайсыз?
- Ғылым мен кадрлық интеграциясыз технологиялық көшбасшылық мүмкін емес. Бүгінде Қазақстан Ресей Федерациясында оқитын шетелдік студенттер саны бойынша көш бастап тұр. Қазақстан мен Ресей академиялық алмасу бағдарламаларын, желілік магистратураларды, ақпараттық технологиялар және энергетика саласындағы бірлескен зертханаларды табысты дамытып жатыр. Бұл тек білімге ғана емес, болашақ өнеркәсібіне салынған инвестиция. Мұндай жобалардың рөлі цифрландыру және «тиімді» экономика тұрғысында ерекше байқалады. Осы бағыттарда инженерлік және зерттеу кадрларын даярлау стратегиялық міндетке айналады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.