12:36, 29 Қазан 2015 | GMT +5
Қазақстан мен Сербия инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімге келді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Сербия Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу мен қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Аталған келісімге Астана қаласында 2010 жылы 7 қазанда Астанада Сербия Президенті Борис Тадичтің елімізге ресми сапары аясында қол қойылған болатын.
Келісім екі мемлекеттің де экономикалық дамуын жеделдетуге, инвестицияларды көтермелеу мен қорғауға негізделген өзара сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге бағытталады. Келісімге орай, Қазақстан мен Сербия өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және ДСҰ қағидаттарына сәйкес, өзара тауар саудасына еркін сауда режімін орнататын болады. Бұдан бөлек, әр тарап өз аумағында екінші тарап инвесторлары мен инвестицияларына қайсысы қолайлырақ болатындығына байланысты режім ұсынады. Қазақстан мен Сербия өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес, барлық салық міндеттемелерін орындаған инвесторларға олардың инвестицияларына байланысты сомаларды және инвестицияларға қатысты аударылатын төлемдер аударылымын қамтамасыз етуге уағдаласып отыр.