Қазақстан мен Түркия бірлескен жобалар туралы 1 млрд. доллардың келісіміне қол қойды
екі елдің іскерлік орталары 1 млрд. доллардан астам сомаға жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы 15 келісімге қол қойды, деп хабарлады Kaznex Invest экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттіктің баспасөз қызметінен.
Құжаттарға Ыстамбұлда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Премьер-министрі Реджеп Тайып Эрдоғанның қатысуымен өткен бизнес-форум барысында қол қойылды.
Атап айтқанда, қазақстандық «Алма Фарм» және түріктің Abdi Ibrahim кәсіпорындары Алматы облысында фармацевтикалық зауыт құру жөнінде келісімге қол қойды. «Агромашхолдинг» АҚ мен «КЗК АВТО» ЖШС «жедел жәрдем» автокөліктерін, өрт сөндіру көліктерінің құрылғыларын, қоқыс шығаратын және жинайтын машиналарды шығару бойынша ықпалдастық туралы меморандум жасасты.
«Қазақстан Инжиниринг» қорғаныскәсіпорны мен Otocar компаниясы дөңгелекті әскери көліктер мен өтімдігі жоғары автокөліктерді құрастыру және шығару, сондай-ақ оларға Қазақстанда техникалық қызмет көрсету саласында ықпалдастық туралы келісті. Бірқатар өзге де келісімдерге қол қойылды.
«Жалпы алғанда Қазақстанның Түркия Республикасымен инвестициялық әріптестігі 3 млрд. доллар көлеміне жетуі мүмкін. Ағымдағы жылдың мамыр айында Астанада өткен форумның және бүгінгі күні Ыстамбұлдағы бизнес-форумның аясында 2 млрд. доллардан астам сомаға келісімдерге қол қойылды», - делінген хабарламада.