Қазақстан мен Түркияның экономикалық әріптестігі жаңа сатыға көтеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Түркияның экономикалық әріптестігі жаңа сатыға көтеріледі. Бұл туралы бүгін өткен Қазақстан-Түркия екіжақты кездесулерінде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Сабыр Есімбеков айтты.
None
None

«Бүгінгі кездесуге Түркияның Қазақстанда бұрыннан қызмет етіп жатқан кәсіпкерлері емес, тек жаңа компаниялары ғана келіп отыр. Олардың саласы да әртүрлі. Құрылыс, тоқыма өнеркәсібі, туризм, әсіресе тамақ өнеркәсібі саласындағы ірі-ірі компаниялар біздің елде бизнес ашуға мүдделі», - деп атап өтті ол.

С. Есімбековтің айтуынша, 2013 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 3,6 млрд. долларды құраған болса, биылғы жарты жылдағы көрсеткіш 2,2 млрд. долларға жеткен.

«Осы қарқынмен дами берсе, биыл жыл соңындағы қорытынды бойынша былтырғы көрсеткіштен асып түсуіміз әбден мүмкін», - дейді Сыртқы сауда палатасының басшысы.

Ал Түркия кәсіпкерлерін бастап келген осы елдің Экономика министрінің орынбасары Аднан Йылдырымның атап өтуінше, Қазақстанға салынған Түркия инвестициясы бүгінде 1,9 млрд. доллардан асқан.

«Айта кету керек, Қазақстан мен Түркия әрқайсысы өз саласында толайым табысқа жетіп отырған елдер. Қазіргі таңда екі тарап та әріптестік қарым-қатынастарды одан әрі дамыта түсуге мүдделі. Бүгінде Түркияның Қазақстанға салған инвестициясы 1,9 млрд. доллардан асып, түрік компаниялары арқылы 15 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Біз түрік компанияларының Қазақстан нарығына деген қызығушылығы күн санап артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондай-ақ, екі ел арасындағы сауда-саттық да өсе түсетініне сенімдіміз», - деді А. Йылдырым.

Айта кетейік, Қазақстан-Түркия екіжақты келіссөздеріне Түркиядан 17 компания өкілдері келіп отыр. Түрік инвесторлары негізінен ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнімдерін өндіру, тоқыма өнеркәсібі, энергетика және құрылыс салаларына қызығушылық танытуда.

Соңғы жаңалықтар