10:21, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы визалық режімді оңтайландыру жөнінде консультация өтті
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев мамырдың 26-27-сінде Лондонда Ұлыбританияның Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерінің өкілдерімен консультациялар өткізді.
Қазақстандық азаматтар үшін визалық режімді оңтайландыру және өзара ынтымақтастық мәселелері сөз болған консультацияда британ тарабы визалық саясаттың екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды құрамдас бөлігі екендігі туралы пікірді қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қазақстандық дипломат, «Еуропаға жол» бағдарламасы Қазақстанның Еуроодақ елдерімен саяси, сауда-экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы ынтымақтастығын, оның ішінде көші-қон саясаты саласындағы өзара іс-қимылдарды кеңейтуді қарастырып отырғанын атап көрсетті. Осыған байланысты Қазақстан мен Ұлыбританияның арасында сәйкес келісім қабылдау мақсатында визалық режімді оңтайландыру мәселелері бойынша консультацияларды жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.