Қазақстан мен Ұлыбритания «Эйр Астана« компаниясының еуропалық бағыттағы географиялық маршруттарын кеңейтуге ниетті
Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге тұңғыш ресми сапармен келген Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, Ұлыбритания Премьер-Министрімен келіссөздер барысында көлік саласындағы ынтымақтастық перспективалары, азаматтық авиацияны дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Британдық «Байе системс» компаниясы мен «Эйр Астана» компаниясы арасындағы өзара іс-қимылдарға қолдау білдірілді.
«Ұшулардың қауіпсіздігін арттыру, Эйр Астананың еуропалық бағыттағы географиялық маршрутын кеңейту бойынша бірлескен іс-шараларды одан әрі қабылдайтын боламыз»,-деді Н. Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қазақстандық «Ғарыш сапары» мен британдық ССКЛ компаниялары арасындағы жаңа спутник құру бойынша қол қойылған келісімді қолдайтындығын білдірді.