Қазақстан мен Ұлыбритания Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қояды
Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге алғашқы ресми сапармен келген Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Д. Кэмеронның Премьер-Министр ретінде Қазақстанға алғашқы сапармен келіп отырғандығына баса тоқталған Мемлекет басшысы: «Бұл тарихи оқиға. Біз алғаш рет Сіздің еліңізбен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қоямыз»,-деді.
ҚР Президенті Ұлыбритания Премьер-Министрінің сапары Атырауда басталып, аталған өңірде әлемдегі ең үлкен мұнай кен орнының іске қосылғандығын атап өтті.
«Өткен жылы біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 20 жыл толды. Қазіргі уақытта Ұлыбритания Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі бойынша АҚШ пен Нидерландиядан кейінгі үшінші орында. Ол 12 млрд. АҚШ долларын құрайды. Өткен жылы тауар айналымы 2,3 млрд. долларға жетті. Менің ойымша, біз бұл көрсеткіштерді айтарлықтай арттыра аламыз»,-деді ҚР Президенті.
Қазақстанда британдық капитал тартылған 600 бірлескен кәсіпорын тіркелгендігін атап өткен Н. Назарбаев Ұлыбританияның Қазақстанды өзара сауда-саттықты белсендіру бойынша 14 басымдықты ел тізіміне қосқаны үшін алғысын білдірді.