Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз кеңістікке айналуы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр, бұл жалпы халық санының 3,5 пайызын құрайды. Солардың 69 мыңы балалар екен. Әлбетте олардың тағдыры әртүрлі, біреулері туа бітті кемтар атанса, енді біреулері тағдырдың тәлкегін бастан кешіріп отыр. Дегенмен, осындай ортадағы адамдарға қамқорлық көрсету - қоғамның зор парызы.
None
None

Әлбетте, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөліне бастады. Ең бастысы - Елбасы ағымдағы жылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін айтып, барша кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесуге шақырған еді. «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады», - деген Н. Назарбаев мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыруды тапсырды. Бұл шындығында, мемлекет, билік тарапынан жасалып жатқан зор қамқорлықтың көрінісі. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды түсіну, әлеуметтік жәрдемақыларды уақытылы төлеумен ғана байланысты емес. Ең бастысы олар да өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері керек. Бұл ретте мүгедектерді оңалту мен оларды қоғамға кіріктіру міндеттерін сапалы жүзеге асырудың маңызы зор. Осыған орай, Қазақстан Мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы конвенцияға және оның Факультативтік хаттамасына қосыла отырып, халықаралық стандарттарды имплементациялау жөнінде міндеттеме алған болатын. Сондықтан да, бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осы бағыттағы жұмыстар жөнінде баяндаған еді.

Әрине, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамға бейімдеу, мүгедектіктің басталу қатерінің алдын алу кең ауқымдағы шараларды қамтитыны ақиқат. Дегенмен, солардың басым бөлігін еңсеру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы заң жобасын әзірлеп, оны ағымдағы жылдың соңына дейін Парламентке ұсынуды жоспарлапты. «Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік кіріктірудің маңызды шарты кәсіптік оңалту болып табылады - бұл еңбек табысы көздерінің бірі ретінде жалпы және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету, нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары. Мүгедектердің басым бөлігі еңбек етуге қабілетті жаста екенін ескеретін болсақ, бұл аса маңызды мәселе», - дейді. Тоқтала кететін жайт, 2015 жылға қарай Қазақстанда шамамен мектептердің 20 %-ында «кедергісіз» мектеп ортасын қалыптастыру жоспарлануда.

«Жаңа заң жобасында мүгедектер үшін арнаулы әлеуметтік жұмыс орындарын құру мәселелері көзделеді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жұмыс жағдайларын жасайтын жұмыс берушілерді қолдау тетігі де қарастырылып, мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау тетігі қайта қаралмақ», - деді министр Т. Дүйсенова. Бұдан бөлек, заң жобасында елімізде салынатын нысандарды жобалау, салу және кейіннен пайдалануға беру процесінде сәулет, қала салу және құрылыс қызметі туралы заңнаманы бұзғандардың жауапкершілігі күшейтіледі. Халықтың осындай әлжуаз топтарының нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін құрылысы аяқталған нысандарды тапсыру және пайдалануға қабылдауға қатысатын азаматтардың жауапкершілігі де қарастырылады. «Мүгедектерге теміржол көлігі, әуе тасымалы, су көлігі қызметтерінің қолжетімділігі үшін жағдайлар жасау, мүгедектердің кез келген ақпаратты өзіне қолайлы форматта алу құқығын кеңейту ұсынылады. Бұнымен қоса, мүмкіндігі шектеулі жандарға және сондай тұлғалары бар отбасыларға берілетін тұрғын үйлерді арнаулы құралдармен және құрылғылармен жабдықтау тәртібі енгізіледі», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Тоқтала кететін жайт, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қамтамасыз ету мәселелерін талқылау барысында депутаттар осы санаттағылардың өмір сүру сапасын арттыру мәселесін көтерді. Әлбетте, бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар аз емес. Дегенмен, Қазақстан өзі ұстанған саясаты бойынша әлі де атқаратын шаралар жеткілікті. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы фракциясы Әлеуметтік кеңесінің басым бөлігі мемлекет тарапынан атқарылып жатқан мүгедектерді әлеуметтік қорғау шараларының әлі де жеткіліксіздігін алға тартады. Сонымен қатар, депутаттар мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет сапасына бақылауды күшейту қажеттігін алға тартады. Мұндай құзырет Әлеуметтік қорғау және бақылау комитетіне берілген. «Алайда, іс жүзінде мұндай жұмыс құжаттық деңгейде жүргізіліп, бақылаулар санмен ғана шектеледі. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнаманы бұзғандарды жазалау бойынша да шаралар көңіл көншітпейді. Олардың құқығын бұзып жатқандар қаншама?», - дейді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығына қатысты ең өзекті мәселе - «кедергісіз» ортаны қалыптастыру. «Әзірше, өңірлік деңгейде нысандарды салу барысындағы паспорттау қағидаттары түсініксіз. Бізге жергілікті атқарушы органдар үшін әдейі белгілі бір көрсеткіштерге жеткендігі туралы жалған хабарлайтындай жағдай жасалып қойған секілді. Сондықтан да, нысандардың картасы қолжетімді болмайынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты ауқымды жобалардың өңірлердегі атқарылуын бағалау да мүмкін болмай отыр», - дейді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы. Бұл ретте депутат мүмкіндігі шектеулі адамдардың қимыл-қозғалысы үшін стандарттарға сай жабдықталмаған ғимараттарды пайдалануға қабылдау әлі күнге жалғасып жатқанын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, жаңадан салынып жатқан ғимарттарда зағип жандарға арналған тактильді жолдар мен арнайы ұстағыш тұтқалар жоқ. Мүгедектер арбасын аударып аламын деп қорықпайтындай, параметрлерге сай салынған арнайы пандустар да, ең ақыр аяғы мүгедектердің ғимаратқа енуі үшін көмекшіні шақыртатын қоңыраулары да жоқ. Ал мүгедектер үшін қарастырылатын мұндай стандарттарды ғимаратты жобалау сатысында қарастыру соншалықты шығынды қажет етпейтіні де айқын.

«Басқасын айтпайық, тіпті Астананың өзінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз» орта мәселесі өз шешімін таппай отыр емес пе? Қазақстан мүгедектер конфедерациясының сарапшылары елорданың сол жағалауындағы адам ең көп баратын ғимараттарындағы пандустарды сынап көрген екен. Нәтижесінде «Астана-Опера» театрының пандусы ғана арбаға таңылған мүгедектер үшін ыңғайлы екендігі анықталды. Біз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізгелі отырмыз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көрмені тамашалаушылардың 3-5 пайызын мүмкіндігі шектеулі туристер құрайды екен», - дейді депутат Г.Ықсанова.

Бұдан бөлек, депутат ауыр науқас, мүмкіндігі шектеулі балаларын күтіп-бағатын ата-аналарды әлеуметтік қызметкер ретінде мойындаудың маңыздылығына тоқталып, мұның бірқатар проблеманы шешуге септігін тигізетінін айтты. «Біріншіден, ешқандай әлеуметтік қызметкер өз анасындай туған баласын күте алмайды, ондай балаларды қоғамға өз анасындай әлеуметтік бейімдеуге ешкім жәрдемдесе алмайды. Екіншіден - әлеуметтік қызметкер ретінде мойындалса, ондай отбасылар жалақы түріндегі қосымша кіріс алып тұрар еді. Ал анасына зейнетақы жарнасы төленетін еді, ендеше осы арқылы анасына мемлекеттік зейнетке шығу да қамтамасыз етіле алады», - деді Г.Ықсанова.

Айтпақшы, Үкімет сағатында вице-спикер Дариға Назарбаева шенеуніктерге мүгедектер арбасына бір сәт отырып көруді ұсынды. «Өздеріңізді біреуге мұқтаж адамның кейпінде сезініп көретін едіңіздер, сосын сол арбамен қаланы аралап, театрға барып, дүкен аралап, кинотеатрға, медициналық мекемеге барып көріңіздер. Сосын кешке қарай тыңдайтын едік, оларға жақсы ма, жаман ба, ыңғайлы ма, ыңғайсыз ба? Менің ойымша, бұл дұрыс мәселе, осындай ұсыныспен атқарушы билікке шықсақ қайтеді», - деді Дариға Назарбаева. Оның пайымынша, бұл шенеуніктерге мүгедектер проблемасын жақынырақ түсінуге, сезінуге септігін тигізер еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум