Қазақстан Орталық Азия өңірінде еркін сауда аймағын құруды ұсынады - Мемлекет басшысы

Бұл туралы бүгін Ақордада елімізде тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Еліміздің Орталық Азиядағы интеграциялық процестердің жақтаушысы болып қала беретіндігін баса айтқан Н.Назарбаев: «Біз одан ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін барынша кең мүмкіндікті көріп отырмыз. Менің көзқарасымша, бүгінде біздің өңірдегі еркін сауда аймағын құру туралы сөз қозғау маңызды болар еді», - деді.
Елбасының пайымынша, трансшекаралық еңбек иммиграциясы саласындағы келісім шараларын қабылдау маңызды. Сонымен қатар Орталық Азияның бірыңғай темір және автомбиль жолдары желісін құрып, дамыту қажет.
«Ол қазіргі уақытта бар және біз оны одан әрі дамытуымыз керек. Біздің өңірдің мемлекеттері бірыңғай өңірлік азық-түлік пулын құруда да бірлесіп жұмыс істей алады. Біздің өңірде энергиялық және азық-түліктік ресурстар жеткілікті», - деді ҚР Президенті.