Қазақстан өз армиясын мақтан тұтады әрі оны нығайту үшін бәрін жасайды - ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы

Бүгін, Отан қорғаушы күнінде «Отар» 40-ыншы әскери базасында өтіп жатқан Жауынгерлік парад барысында ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Қарулы Күштер заманауи техникамен жарақтануда және оны жарақтандыру жалғасатын болады», - деп атап өтті Елбасы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазіргі таңда әскери басқару жүйесіне жаңа технологиялар, басқарудың автоматтандырылған жүйесі белсенді енгізіліп жатқандығын, әскеріміздің дайындық сапасының тиімділігі артып отырғандығын баса айтты.
«Мемлекет Отан қорғаушыларға қамқор болуда», - деді ҚР Президенті.
Елбасы өткен жылы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» жаңа Заңның қабылданғанын еске салды. Әскери гарнизондарда спорт кешендері, тұрғын үйлер мен жатақханалар салынып, әскери қалашықтарды абаттандыру жоспарлы жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
«Армиялық тәртіп ауыр деген сөз бар, бірақ бұл - қалқан ауырлығы, бұғау емес. Армия - бұл тәуелсіз мемлекетіміздің сенімді қалқаны»,- деді Н.Назарбаев.