Қазақстан өз экономикасын дағдарыстан кейінгі серпінді дамуға дайындап жатыр - шетел басылымдары
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мақала авторы Евгений Кононович бүгінде Қазақстанда мемлекеттік үдетілген индустриялық-инновациялық бағдарлама мен елді индустрияландыру картасы дайындалуда екенін атап өтеді. Соған сәйкес, құны мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 40 пайызын құрайтын, яғни инвестиция көлемі 6,5 триллион теңге тұратын 162 жоба жүзеге асырылмақ.
Аталмыш жобалардың жүзеге асырылуы алдағы үш жылда елде 200 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бір ерекшелігі, бұл Қазақстан басшысының Жолдауда көрсеткен 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының тек бір бөлігі ғана. «Қазақстан Беларуспен бірге өткен жылы экономиканың құлдырауына жол бермеген әлемдегі аз ғана мемлекеттің бірі болды. Ал алдағы уақытта бұл мемлекет инфрақұрылымды үдетілген индустрияландыру арқылы экономиканың тұрақты өсіміне қол жеткізбек. Президент келтірген мәліметтерге қарағанда, әрбір қазақстандық жылына 17 мың доллар тұратын өнім шығарады. Ал дамыған мемлекеттерде бір адамның шығаратын өнімі 90 мың долларды құрайды. Бұдан келіп шығатын қорытынды - Қазақстанда еңбек өнімділігін арттыру керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, бұл міндетті қоғамды ұйыстыратын ұлттық стратегиясыз іске асыру мүмкін емес. Өз кезегінде бұл стратегияның басты міндеті - мемлекет пен оның әрбір азаматы Қазақстанда да, шет мемлекеттерде жүргенде де елдегі тұрақтылық пен қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайына нұқсан келтіретін іс-әркеттерден аулақ болулары керектігін айтты», дейді Беларус басылымы.
Сондай-ақ мақала авторының айтуынша, Елбасы Жолдауында жаңа экономиканың қозғаушы күші - кәсіпкерлік саласы болатындығын атап көрсеткен. Өйткені тап осы сала тәуекелге бел буып, инновацияны енгізіп, жаңа нарықты игере алады. Сондықтан осы саланы бүгін жақсы дамыту керек. Ол үшін ел аймақтарында «Бизнестің жол картасы - 2020» шарасы дайындалуда. Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттар биылғы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына абыроймен төрағалық етіп, Орталық Азия мен Кавказ және Таяу Шығыстағы, сондай-ақ Кедендік одаққа мүше елдермен байланысты нарықтағы елдің экспорттық әлеуетін арттыру болып отыр.