Қазақстан - Өзбекстан: Орталық Азиядағы тұрақтылық пен даму екі елдің ұстанымдарына байланысты

Шағын құрамда өткен кездесуде мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылы маусымда Өзбекстанға барған сапарында жасалған уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ сауда-экономикалық, су-энергетикалық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басымдығы бар бағыттары қаралды. Бұған қоса, тараптар өңірлік қауіпсіздіктің негізгі аспектілері мен мейлінше өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи және мәдени тұрғыдан жақын елдер екеніне тоқталып өтті. «Көрші болғандықтан, біз тәуелсіздік жағдайында қарым-қатынасымызды дұрыс құрдық. Қазақстан Өзбекстанды оның барлық бастамаларына қатысты қолдайды. Біз екі елдің достығын нығайтуға, сауданы ұлғайтуға, өзара қарым-қатынастарды ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселелері мен өзге де бағыттар бойынша дамытуға ниеттіміз. Біздің елдерімізде қазір осы келіссөздерді жіті бақылап отыр, өйткені бүкіл өңірдегі тұрақтылық пен даму Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдарына, өзара жұмысына байланысты», - деді Мемлекет басшысы.
Өзбекстан Президенті өз кезегінде бүгінде әлемдегі жағдай қарқынды өзгеріп жатқанына тоқталды. «Мұндай жағдайда әрбір ел өзіне таяныш іздейді, жоспарларын нақтылайды және таяу көршілеріне арқа сүйейді. Қазақстан - біз үшін ең жақын ел, ауыр сынақтар мен қуанышты күндері ылғи да бізбен бірге болған жақын халық. Біз әрдайым бір-бірімізге көмекке келдік. Өркендеу жолына сенімді қадам басып бара жатқан Қазақ еліне зор құрметімді білдіргім келеді. Бізге «сағатымызды теңестіріп», алдағы келешекті анықтау үшін жиі кездесіп отыру қажет», - деді И.Кәрімов.
Екіжақты кездесу Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан біздің еліміздің Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктесі екенін айтты. «Өзбекстан біздің өңіріміздегі жетекші мемлекет ғана емес, сонымен бірге біздің Орталық Азиядағы басты сауда экономикалық серіктесіміз.
Әлемдік экономикадағы жағымсыз үрдістерге және негізгі өнім түрлеріне бағаның төмендегеніне қарамастан, біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы өсіп келеді», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы атап өткендей, бұл көрсеткіш өткен жылы екі миллиард доллардан асып түскен. Биылғы тоғыз айда да екі ел арасындағы тауар айналымы оң қарқынмен өскен. «Дегенмен, біздің елдеріміздің арасындағы экономикалық әлеует жеткілікті деңгейде пайдаланылып отырған жоқ деп санаймын. Тауралар номенклатурасы өте тар. Сондықтан үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз сауда көлемін, тауар айналымын ұлғайту бағытында жұмыс істеуі керек. Бұл екі елге де тиімді», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесін өткізу мәселесіне орай, Өзбекстан Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын білдірді. «Біз көрме кешенінің құрылысын салуға кірістік, іс-шараны лайықты деңгейде өткізуге қажетті қаражат бөліп жатырмыз. Өзбекстан осы көрмеге қатысады деп үміттенеміз, ал біздің ел бұған қажетті жағдай жасауға әзір», - деді Президент.
Сөзінің соңында Н.Назарбаев келіссөздер өзара қарым-қатынастарды, соның ішінде сауда-экономика саласындағы байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі ел президенттері келіссөздерінің қорытындысына арналған бірлескен брифинг барысында келіссөздер аясында кең ауқымды мәселелер талқыланғанын айтты.
- Олардың қатарында өзара саяси іс-қимылды, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері бар. Біздің өңірдегі ахуал мен айналамызда болып жатқан оқиғалардың дамуына қатысты байыпты, ашық әрі сенімді пікір алмасу болды. Біздің қадамдарымыз көптеген аспектілер бойынша сәйкес келетіндігі қуантатынын атап өткен жөн. Бұл өңірдегі су мәселесіне де қатысты. Осынау аса маңызды саладағы ынтымақтастық тек өзара сенім негізінде ғана мүмкін болмақ. Сондай-ақ транспаренттілікті және өңірдің бірде-бір елін қалыс қалдырмастан, мүдделерін ескеруді қамтамасыз ету қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев халықаралық күн тәртібіндегі негізгі тұстар қарастырылғанын айтты. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегін өзара сауданың орнықты өсімі байқатып отырғанына назар аударды.
Қазақстан Президенті Өзбекстан Президенті сапарының қорытындысы екі елдің қарым-қатынастарын стратегиялық серіктестіктің жоғары сапалы деңгейіне шығаратынына сенім білдірді.
Өзбекстан Президенті ашықтық пен сенім рухында өткен келіссөздер қорытындысына қанағаттанатынын жеткізді. Ол сондай-ақ бұл кездесу екіжақты қатынастардың және өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық саясаттың негізгі бағыттары бойынша іс жүзінде талқыланған барлық мәселелер бойынша ұстанымның жақын екендігін көрсеткеніне тоқталды.
Ол сондай-ақ мейлінше тиімді ықпалдастықтың арқасында екі ел арасындағы тауар айналымы қарқынды өсіп жатқанына тоқталды. Өзбекстан Президенті Әмудария мен Сырдария өзендерінің жоғары жағына жаңа гидротехникалық нысан салуға қатысты ортақ ұстанымды мемлекет басшылары растағанын айтты.
Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері келіссөздерінің қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, атап айтқанда, 1997 жылғы 2 маусымдағы Өнеркәсіптік меншіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2015-2016 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.