12:58, 09 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Қазақстан Пәкістанда болған су тасқынының салдарын жою үшін қаржылай көмек беретін болады - Н. Назарбаев
АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Қазақстан Пәкістанда болған су тасқынының салдарын жою үшін қаржылай көмек беретін болады. Бұл туралы бүгін Ақордада Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мохаммад Ахтар Туфаильден Сенім грамотасын қабылдау рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Сіздердің елде болған сұрапыл су тасқынын оңтайлы еңсеру үшін Қазақстан Үкіметі достас Пәкістанға қаржылай көмек беру жөнінде шешім қабылдайды. Пәкістан үшін тыныштық орнауын біз әрқашан тілейміз», деді Президент елшіге қаратып айтқан сөзінде.
Н. Назарбаев Қазақстан Оңтүстік Азия өңіріндегі, мұсылман әлеміндегі маңызды орны бар Пәкістан Ислам Республикасымен ынтымақтастығының дамуына үлкен мән беретіндігін атап көрсетті. «Біздің елдеріміз өңірлік және халықаралық ұйымдарда өзара ықпалдасуда. Сонымен қатар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту ісінде игерілмеген әлеуеттеріміз жеткілікті», деді Президент.