Қазақстан палестиналық проблеманың әділ шешілуін құптайды - Мемлекет басшысы

Мұндай мәлімдемені ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66- сессиясында жасады.
«Осы күндері күрделі палестиналық проблема белсенді талқылануда. Қазақстан Палестина мемлекетінің құрылғанын қолдайды. Бірақ тарих таразысында шынында да күрделі мәселе. Аймақтағы барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынастағы Қазақстан палестиналық проблеманы әділ әрі ұзақ мерзімді, оның ішінде тікелей палестиналық-израилдік келіссөздер арқылы дер кезінде шешілуін құптайды», - деді Н.Назарбаев.
Өз сөзінің қорытындысы ретінде Мемлекет басшысы атап өткендей, тарих адамзаттың барлық дәуірінің алдында ауқымды міндеттер қояды. Қазіргі күні ең маңызды мәселе - ХХІ ғасырда жаһандық өзгерістердің барлық өткелдерінен аман-есен өту.
«Ұлттар арасындағы өзара сенім мен бірлік - жаңа әділ бейбіт тәртіптің негізі», - деп атап өтті Президент.