Қазақстан парламентшілері Санкт-Петербургте өтетін парламенттік шараларға қатысады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілістің Баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, Қазақстан парламентшілері сәуірдің 5-і мен 8-і аралығында Санкт-Петербург қаласында ТМД елдері және ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеялары және Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының Парламенттік Ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА) шеңберінде өтетін бірқатар маңызды шараларға қатысады.
Бүгін қазақстандық депутаттар Нева жағалауына жеткен соң, аталған шараларға байланысты құжаттармен танысады.
Ертең, сәуірдің 6-сы күні, парламентшілер ҰҚШҰ ПА Кеңесі жанындағы сараптама-кеңестік комиссияның басқосуына, сондай-ақ ЕурАзЭҚ ПАА-ның құқықтық, агроөнеркәсіп саясаты, табиғат пайдалану және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырыстарына қатысады.
Осы күні Қазақстан делегациясының қатысуымен ТМД ПАА-ның саяси мәселелер мен халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтеді.
Сейсенбі күнгі бағдарламаға сәйкес ТМД ПАА-ның әлеуметтік саясат және адам құқықтары, ғылым және білім жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы болады (комиссия жұмысының кезеңінде ТМД-ға мүше мемлекеттер үшін Инновациялық кодекстің үлгілік жобасын дайындау туралы жұмыс тобының отырысы өтетіні қарастырылған).
ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы аясында кедендік реттеу және шекаралық саясат, сауда саясаты және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтетіні көзделуде.
Сондай-ақ бағдарламада ҰҚШҰ ПА-ның әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мәселелер, қорғаныс және қауіпсіздік, саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияларының отырыстары өтетіні жоспарланып отыр.
Сейсенбі күні ЕурАзЭҚ ПАА-ның және ТМД ПАА Кеңесінің Бюро отырыстары өтеді.
Ертең, сәуірдің 6-сы күні, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О. Мұхамеджанов ТМД ПАА-ның Төрағасы, Ресей Федерациясы Федеральдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Сергей Мироновпен, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кенешінің Төрағасы З.Құрмановпен кездеседі деп күтілуде.
Сәуірдің 7-сі күні ҚР Парламентінің делегациясы өз жұмысын Санкт-Петербургтегі Жамбыл Жабевтың ескерткішіне гүл қоюдан бастайды. Одан кейін қазақстандықтар ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының отыз төртінші жалпы отырысына қатысады.
Сол күні, сәрсенбіде, салтанатты жағдайда 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған көрме ашылатыны қарастырылған. Сонымен бірге сол күні 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған Халықаралық парламенттік конференция өз жұмысын бастайды.
7 сәуірде Қазақстан Республикасының Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінің таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.
Сол күні ТМД ПАА-ның отыз төртінші жалпы отырысының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өтетіні жоспарланған.
Сәрсенбі күні ТМД ПАА-ның бірқатар тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтеді.
Сейсенбі және сәрсенбі күндері Таврия сарайына экскурсия жасалып, «Мемлекеттік Думаның алғашқы күні, 1906 жылғы 27 сәуір» экспозициялық көрмесі тамашаланады.
8 сәуірде Пискарев мемориалдық зиратына гүл шоқтарын қойып, тағзым ету рәсімі жасалады.
Бейсенбі күні «Еуропалық қауіпсіздіктің келешегі» (Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясымен бірлесіп) атты халықаралық парламенттік конференциясының жалпы отырысы мен секцияларының жұмысы өтеді.