Қазақстан Польшаны Еуроодақ нарығына шығатын терезе ретінде қарастырады - Е.Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Польшаның Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Экономика министрі Януш Пехочиньскимен кездесу өткізді, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
None
None

Тараптар сауда-экономикалық мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Польшаның инвестициялық ынтымақтастығының даму перспективаларын талқылады.

«Польша - Шығыс Еуропадағы Қазақстанның болашағы зор экономикалық серіктесі. Қазақстан Польшаны Еуроодақ нарығына шығатын терезе ретінде қарастырады», - деді Е.Досаев.

Сонымен қатар, министр 2015 жылғы қаңтардан бастап Еуразия экономикалық одағы күшіне енетінін атап өтті.

«Бұл орасан зор нарық. Ол Польшаның өндірістік ұйымдары үшін хаб бола алады. Сонымен қатар ЕАЭО нарығын қайта өңделген өнімдерді экспорттау үшін де пайдалануға болады», - деді ол.

Е.Досаев Қазақстан Үкіметі тарапынан шетелдік инвестициялар тарту үшін жаңа ынталандыру пакеттері қабылдағанын, сонымен бірге ҚР Президентінің «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында берілген тапсырмалары аясында бірқатар инвестициялық жобалар бойынша жұмыс жандандырылатынын атап өтті.

Айта кетерлігі, 2014 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 777,7 млн. долларды құрады.

Соңғы жаңалықтар