Қазақстан Премьер-Министрі Өскеменде салынып жатқан фотоэлектрлі пластиналар мен ұяшықтар зауытын аралады
«Қазатомөнеркәсіп» басшысы Владимир Школьник бірегей өндірістің кейбір ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп берді. Аталған зауыт биылғы жылдың соңына қарай іске қосылуы тиіс деп жоспарлануда. Сондай-ақ қонақтарға «KazahstanSolarSilicon» зауытының кварц, кремний, фотоэлектрлі пластиналар және күн модулі сияқты дайын өнімдері көрсетілді.
Қазір зауытта күрделі технологиялық жабдықты монтаждау жүріп жатыр. Бірқатар құрылыс-монтаждау жұмыстары орындалған, ECM және SEMCO француз компаниялары жеткізетін негізгі технологиялық жабдыққа жөнелтілімге дейінгі сынақ жүргізілген.
Зауытта Қазақстан үшін жаңа өнім түрі - фотоэлектрлік пластиналар шығарылады. Олардың өндірісі негізгі шикізат ретінде металлургиялық таза Қазақстан кремнийін қолданатын Францияның тікелей технология трансфертіне негізделген.
Жаңа зауыт еліміздің аумағында энергияның балама түрлерін дамытуға, сондай-ақ, технологияның жаңа бәсекеге қабілетті түрін алуға мүмкіндік беретін ғылыми және жоғары технологиялық өндірістің құрылуын қамтамасыз етеді.