17:45, 14 Наурыз 2013 | GMT +5
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Рим Папасы Францискке құттықтау жеделхатын жолдады
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев Рим Папасы Францискті Киелі Тақ Понтифигі лауазымына сайлануына байланысты көп ұлтты Қазақстан халқының және жеке өз атынан шын жүректен құттықтады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қазақстан мен Ватикан арасындағы өзара түсіністік пен сенімге негізделген қарым-қатынастар 20 жылдан астам уақыттан бері дамып келеді. Рим Папасы Иоанн Павел II-нің 2001 жылы Қазақстанға жасаған тарихи сапары - соның айқын дәлелі» делінген жеделхатта.
Қазақстан Президенті Рим Папасы Францисктің қызметі екі ел арасындағы ынтымақтастық пен сындарлы үнқатысудың одан әрі дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Соңында Мемлекет басшысы жарылқаушы миссия барша адамзаттың амандығы үшін атқарылып отырғанын атап өтіп, Рим Папасы Францискке және жалпы католик қауымдастығына бейбітшілік пен шапағат тіледі