16:35, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның қаржылық бақылау органдары басшылары сыбайлас жемқорлық үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясат аясында жоғары қаржылық бақылау органдарының қадағалау органдарымен өзара іс-қимылы» тақырыбындағы «дөңгелек үстелдің» қорытындысы бойынша Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның жоғары қаржылық бақылау органдарының басшылары қарарға қол қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған құжатқа сәйкес үш елдің қаржылық бақылау органдары өз ішінде және басқа да қадағалау мекемелерінің арасындағы байланысты нығайту мақсатында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін ақпарат алмасып, осы орайда зерттеу-тергеу амалдарының жоспарларын өзара келісіп әзірлеуді ұйғарды. Сондай-ақ жоғары қаржылық бақылау органдары тарапынан түскен арыз-шағымдар қаралып, соларға байланысты шығарылатын прокурорлық шешімдер күшейтілетін болды.Осы қарар бойынша қаржылық бақылау органдарының басшылары Қазақстан, Ресей және Қырғызстан елдері үкіметтеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық заңнаманы жетілдіру, осы санаттағы қылмыстар үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту және мекемеаралық тіркеудің бірыңғай жүйесін енгізу бойынша нақты ұсыныстар жолдады.