Қазақстан – Ресейдің одақтасы, стратегиялық серіктесі және тату көршісі – Владимир Путин

МӘСКЕУ. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапарының құрметіне Кремльде мемлекеттік қабылдау өткізген Ресей басшысы Владимир Путин Қазақстанды Ресейдің одақтасы, стратегиялық серіктесі және тату көршісі деп атады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Владимир Путин
Фото: видеодан алынған скрин

- Қазақстан – Ресейдің одақтасы, стратегиялық серіктесі және тату көршісі. Біз бұл елмен достыққа, өзара сенім мен құрметке негізделген көпжоспарлы және теңқұқылы қарым-қатынас құрып жатырмыз, - деді Ресей Президенті. 

Айта кетейік, бүгін Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөз өткізді.

Келіссөз барысында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей — жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер екенін айтты.

Кейіннен екі ел басшысы кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Бұдан бөлек Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты.

Шара кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасы құрылысына қатысты мәселелерге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.

Сондай-ақ, Қазақстан-Ресей тарапы қосымша 13 келісімге қол қойды.

 



Соңғы жаңалықтар