20:00, 26 Сәуір 2013 | GMT +5
Қазақстан Республикасы мен Гвинея-Бисау Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасы мен Гвинея-Бисау Республикасының тұрақты өкілдері деңгейінде бірлескен коммюникеге қол қою арқылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазақстандық тараптан құжатқа еліміздің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Бірғаным Әйтімова, ал Гвинея-Бисау Республикасы тарапынан аталмыш елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Жоао Соареш Да Гама қол қойды.
«Кездесу барысында Гвинея-Бисау елшісі оның елі Қазақстанның сыртқы саясатта қол жеткізген жетістіктеріне көз тігіп отырғанын және ҚР-дың халықаралық бастамаларын қолдайтынын атап өтті. Шетелдік дипломат өз елінің Қазақстанмен екіжақты, әсіресе туризм саласындағы қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екеніне тоқталды», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.