Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейінгі дінді дамыту стратегиялық доктринасын жасау қажет-О. Сәбден

ТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат / Айдын Бәймен/ - Қазір Парламент қабырғасында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасы талқыға салынуда. Жуырда бұл заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық Палатаның отырысының күн тәртібіне шығарылды.
None
None

Жаңа заң жобасында азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына жол берілмейтіндігі көрсетілген. Сонымен қатар саяси партиялар діни нанымдарды жалау етіп, әрекет жасауына тыйым салынады. Діни бірлестіктерге саяси партиялардың ісіне араласуға, саяси науқандарға қаржылық қолдау көрсетуге жол берілмейді. Заң жобасында діни бірлестіктердің мәртебесін айқындау жаңадан енгізіліп отыр. Осы орайда Қоғамдық Палатаның мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, ҚР ҰИА академигі, ҚР Ғалымдар одағының Президенті Оразалы Сабден өз ойларын ортаға салды.

- Оразалы Сәбденұлы, ғалым және қазақтың бір азаматы ретінде бүгінгі таңда Сізді дін төңірегінде қандай мәселелер тоғандырады?

- Дінге қатысты туындап тұрған мәселелер ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Қазақта "Ештен кеш жақсы" деген ұғым бар. 1992 жылы Қазақстан Республикасында қабылданған дін туралы заң «сен тимесең, мен тиме" дегендей, өте либералды заң болды.

Әрине, біз тәуелсіздігімізді алғаннан бері дүние жүзіне мықты мемлекет екенімізді таныттық. Экономикамыз да алға басты, көптеген жетістіктерге ие болдық. Мұның бір айғағы - елімізде кейінгі кездері болып жатқан халықаралық деңгейдегі көптеген саммиттер. Бірақ та, өкінішке орай, 20 жыл бойы дін жайында жаңа заң жасауға бет бұрмадық.

Нарық экономикасы деп жүріп, біз рухани құндылықтарымызды, яғни, дінімізді, тілімізді, мәдениет, тәрбие, патриотизм жағынан кенже қалып қойдық. Діннің әр түрлі қайшылық тұстарын ескерместен, "ә" дегенде балаларымызды "Әйтеуір, дінді білсе, болды" деп шет мұсылман елдерге жібердік. Алайда, олардың неге үйреніп, қандай жолды ұстанғаны бізді қызықтырмады.

Қазір жастарға дінді насихаттаудағы қателіктердің көптігі соншалықты - кеше айт кезінде мұсылмандықты ұстанған азамат бір жағынан құран оқып, екінші жағынан ұялы телефонмен сөйлесіп отыр. Бұл не деген масқара! Мұндай көзбояушылық кімге пайдасын тигізеді?! Және де қазір "халал" деген сөз модаға айналғандай. Менің ойымша, бұл сөздің мағынасы есепке алынбастан, тек ақша табу жолына айналды. Бұл айтқан сөзім бос емес. Себебі бір мұсылман заттары сатылатын дүкенде хиджаб киген сатушы қыздар дүкеннен алыстап кетісімен шылым шеккенін байқаған жан бар, ал сол қыздарымыздың ішімдікті де ішпейтініне кім кепіл?!

Қазақстанда діннің теріс ағымдары, мысалы, салафизм, вахаббизм және т.б діни экстремизмнің күшейіп жатқаны бәрімізді де қынжылтады. Қазір, бір сөзбен айтқанда, діни либерализм өзінің қырын көрсетуде. Оған мысалдар жеткілікті, соның бірі - бәрімізге айғақ Ақтөбе облысының Темір ауданы, Шұбаршы ауылында болған қанды оқиға. Куәгерлердің айтуынша, бұл - "сақалдылардың" ісі.

- Осы жағын ескермей келе жатырмыз деп қандай жайттарды ерекше айтар едіңіз?

- Бүгінгі таңда діни ағымдар саны 4479-ға жетіп отыр, бірақ та осы ағымдардың немен айналысып жатқанын тексеріп отырған орталық бар ма екен? Дәл қазір біздің немқұрайлық танытып отырған бұл мәселе ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қауіп-қатер төндіріп тұр. Неге біздің жастарымыз түрлі дін ағымдарына кіріп жатыр? Бұл сұраққа да сараптама беретін жүйе болуы тиіс. Осы жерден Үкіметтің әлеуметтік проблемаларды шешпей отырғандығы байқалады. Егер жастардың жұмыспен қамтамасыз ету проблемалары, баспана, тегін білім алу және т.б негізгі мәселелері шешіліп отырған жағдайда, «көшенің арғы жағына» еліктеушілік бет алар ма еді!? Әрине, жоқ! Діни терроризм - бұл ашыққан жандардың ұстанымы! Сондықтан да біз сұрағымызға жауапты тек діннен іздемей, әрқайсымыз өз ішімізге де үңілсек болар еді.

Біз бір мәселені түсінуіміз керек. Дін - партия емес, керек болған жағдайда құра салатын немесе косып, алып, әрі кеткенде жаба салатын. Алайда, оларға партияларға жасалғандай көзқарас болды. Партияларды қосуға, жабуға болатынын білесіздер, ал діннің теріс ағымына, сектасына тұла бойымен кіріп кеткен адамды сол ағымды жабу ақылы қайтара алмаймыз! Міне, мәселе қайда жатыр?!

Өкінішке орай, біздің мемлекетімізде түбегейлі, байсалды дін саясаты, ұзақ жылдарға арналған дінді дамыту бағдарламалары болмады. Осының дұрыс еместігін бүгінгі өмірдегі жағдайлар дәлелдеп отыр.

- Енді осындай түйінді мәселелерді шешудің жолдары қандай?

- Біздің ислам дінімізді бөлшектеуге, теріс ағымдарды таратуға сырттан қыруар ақша көмегімен үлкен күш жұмыс істелуде. Олар нақты жобаларды іске асырып жатыр, ал біз соған қарсы не істеп жатырмыз? Әрине, айта кету керек, "Ауылға дипломмен" жобасы бар, бірақ та соның өзі бізде ұран секілді жоғары жаққа есеп берумен бәрі де бітеді. Ал олар ұрандатпайды, жай ғана басында проблемасы бар жандарға материалдық көмек көрсетеді, әр жастың жүрегінен шығуға тырысады, досы болып кеңес береді. Бір сөзбен айтқанда, психологиялық шабуыл жасап, адам миын улап, ислам дінінің бұрмаланған бағытын уағыздайды. Сондықтан біз теріс жолды уағыздаушыларға қарсы жоба жасауымыз керек. Ұтымды жобаларды іріктегенде ғана біз көше бойындағы адасқан жандарды қайтара аламыз.

Осындай идеологиялық қысымға нені қарсы қоя аламыз?

Мен дін қызметіне күшті мемлекеттік саясат және қоғамдық бақылау керек деп ойлаймын. Діни бірлестіктер керек болса, жыл сайын өздерінің жұмыстары туралы, қанша қаражат жұмсалғаны және тағы да басқа мәселелер жайында қоғам алдында есеп беріп отыруы қажет. Мұндай тәжірибелер Жапония, Италия елдерінде қолданылады. Оларды демократиялық мемлекет деп ешкім айта алмайды. Осыған орай бізде мемлекет пен діни бірлестіктер ынтымағы жоқтың қасы, олардың бір дөңгелек үстел үстінде ортақ мәселелерді талқылағанын қашан көреді екенбіз? Сондықтан да бізде діни бірлестіктердің үстінен мемлекеттік бақылауды күшейту керек!

- Ал дәстүрлі діндердің басшылары мен ұйымдары тарапынан қандай істер атқарылғаны жөн деп ойлайсыз?

- Қазақстандағы бас мүфти бастаған мұсылмандар басқармасы өз жұмыстарын түбегейлі өзгертумен қатар, өзекті мәселелерді қоя білуі керек. Дінге байланысты бір ушыққан мәселе туды делік. Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы жағдайды алайық, олар құқық қорғау органдарының ісі деп, араласпай отыра беруге болмайды, керісінше жұмыла іс жасауы қажет! Сонда ғана біз еңбегіміздің нәтижесін көре аламыз.

- Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасы жұмыс тобының отырыстарында қызу талқыланып жатыр. Қоғамдық Палата отырысында өздеріңіз де талқыға салдыңыздар. Жаңа заң жобасы туралы пікіріңіз?

- Бұл заң жобасында мемлекетіміздегі екі үлкен ислам мен христиан дін жүйелерінің рөлдерін көре алмай отырмыз. Осыған орай менің ұсыныстарым бар. Біріншіден, бұл заң жобасын бүгін қабылдай салуға асықпастан, діни бірлестіктердің басшыларын, дін мамандарын, дін сарапшыларын шақырып, осы заң жобасы бойынша парламенттік тыңдау өткізгеніміз дұрыс болар еді. Ең бастысы, жан-жақты талқылап сараптаған жөн.

Екіншіден, өткен 20 жылда дін саясаты туралы жіберілген қателіктерді одан әрі қарай қайталанбайтындай, елімізде, яғни, Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейінгі дінді дамыту стратегиялық доктринасын жасау қажет.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мына жаңа заң жобасын қайта пысықтап, мен жоғарыда айтып өткен пікірлерді ескергенін қалаймын.

- Пікірлеріңізді ашық білдіргеніңізге, ұсыныстарыңызды айтқаныңызға рақмет.

Соңғы жаңалықтар