Қазақстан Республикасының сауда делегациясы Вашингтонда болды
Сәуірдің 27-сі мен 29-ы аралығында өткен консультациялар барысында екіжақты келіссөздерді қорытындылау, оның ішінде бейнеконференциялар өткізу жөніндегі алдағы жұмыстардың кестесі келісілді.
Жалпы алғанда, американ тарабы елдегі гендік-инженерлік қызметті реттеу жөніндегі заңнамалық базаны қалыптастыру, оның ішінде базаны Дүниежүзілік сауда ұйымының негізгі ережелеріне сәйкестендіру жөніндегі Қазақстанның жұмыстарына оң баға берді. Сондай-ақ халықаралық стандарттарға негізделетін және Қазақстанға экспортталатын американдық өнімдерге берілетін ветеринарлық сертификаттардың жаңа үлгілерін келісу жұмысы аяқталды.
Қызмет көрсету нарығына кіру жөніндегі келіссөздер барысында шетелдік жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына кіру және уақытша жүріп-тұру мәселелері, оларды қаржылық, телекоммуникациялық және дистрибьютерлік қызметтерге араласу мүмкіндіктері қаралды. Сондай-ақ, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Кеден одағының аясындағы жаңа сауда-экономикалық режимнің қабылдануымен және оның Қазақстанның ДСҰ-на қосылуы жөніндегі келіссөз үдерісіне әсер етуімен байланысты мәселелер талқыланды. Америка тарабына Кеден одағын құрудың негізгі кезеңдері туралы мәліметтер, оның ішінде үш елдің арасындағы кедендік шекаралардың алып тасталуы және кедендік-тарифтік және тарифтік емес бірыңғай үйлестіру жүйесі туралы, Қазақстандағы инвестициялық жеңілдіктер режимінің сақталғаны туралы деректер берілді.
Өткен консультациялар өзара тиімді негізде екіжақты келіссөздерді аяқтауға деген тараптардың талпыныстарын қуаттады.