13:13, 12 Мамыр 2010 | GMT +5
Қазақстан шахтерлерінің «Қорғау» кәсіподағы Ресейдің «Распадская» шахтасында қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көмек қорына 700 мың теңге ақша аударды
ҚАРАҒАНДЫ.Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы кеншілерінің басын біріктіріп отырған Қазақстан шахтерлерінің «Қорғау» кәсіподағы Ресейдің Кемерово облысындағы «Распадская» шахтасында қаза болған кеншілердің отбасыларына көмек қорына 700 мың теңгедей ақша аударды.
Бұл туралы «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Марат Мирғаязов хабарлады.
«Біз өз кәсіподағымыздың қорынан қаражат аудару туралы шешім қабылдадық. Оқиғаның ауырлығын түсінеміз және одан тыс қалғымыз келмейді. Біздің де басымыздан осындай оқиғалар өткен, сол кезде бізге де жан-жақтан көмек көрсетілді, олардың ішінде кузбастық әріптестеріміз де болды. Оның үстіне, кезінде қарағандылық көптеген кеншілер Кемерово облысына көшіп, «Распадская» шахтасында жұмысқа тұрған», дейді М.Мирғаязов.