Қазақстан шетелдік инвесторларды тау-кен металлургиясының әлеуетін игеруге шақырады- А. Серіков

Бүгін елордада өтіп жатқан IV Астаналық экономикалық форумы аясындағы ІІ Халықаралық инвестициялық форум барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы Асылхан Серіков осылай мәлім етті.
«Тау-кен металлургиясы нарығының қамтымдылығы 2009 жылы 15,5 млрд. долларды құрады. Бұның ішінде импорттың үлесі 38 пайыздан астамды құрап отыр. Аталған салада өнеркәсіптің басқа да бағыттары үшін шикізат бола алатын өнімдерді шығару үшін бірқатар шағын өндірістерді құру ұсынылады. Атап айтқанда, бұған машина құрылысы мен құрылыс саласын жатқызуға болады. Бұдан бөлек, құрылыс материалдарын дамыту саласындағы перспектива да айқын. Қазақстан осы саладағы жеткілікті қорларға ие әрі құрылыс материалдарын шығарудың шикізаттық базасы да жеткілікті», - деді Комитет төрағасы. Оның айтуынша, 2015 жылға қарай Қазақстанда құрылыс индустриясының жалпы қосымша құнын 76 пайыздан кем болмайтындай артыру көзделеді. Осылайша, ішкі нарықтағы құрылыс материалдарына сұранысты 80 пайыздан астам деңгейде жабу міндеті жүктеліп отыр. «Машина құрылысы саласының қамтымдылығын да ерекше атап өткен орынды. Осы саладағы өнімнің 90 пайызы импорттан келеді», - деді А. Серіков.