Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде ұйымның жан- жақты қарқынды дамуына күш салады - ҚР СІМ

Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.
"Қазақстан Өзбекстаннан ШЫҰ төрағалығын қабылдап алады. Ташкентте біз ол эстафетаны аламыз. Біз үшін бұл үлкен маңызға ие. Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде ШЫҰ-ның қарқынды дамуына күш салатын болады", - деді министр бүгін Астанада ШЫҰ мүше мемлекеттерінің қаржылық бақылау жоғары органдары басшыларының кездесуінде.
Оның сөзіне қарағанда, бұл саяси ғана емес, Еуразиялық кеңістіктегі маңызды экономикалық фактор болып табылады.
"Біз еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық үдерістердің тоғысуы сынды қызметтің маңызды бағыттары туралы айтып отырмыз. Менің меңзеп тұрғаным, Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай басшылығы ұсынған ірі инфрақұрылымдық бастама - Жібек жолының экономикалық белдеуі. ШЫҰ алаңы бізге осындай басты ірі инфрақұрылымдық және ықпалдастық үдерістерді жүзеге асыру үшін өте ыңғайлы деп білеміз", - деп атап өтті Е. Ыдырысов.
Еске сала кетейік, ШЫҰ-2016 саммиті Ташкентте 23-24 маусымда өтеді. Ол ұйымға Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан кіреді.